Қазақстанның Ұлттық музейінде «Ұлы Дала тарихы Иран деректерінде» атты көрме ашылды. Көрмеде алғаш рет Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігінің архивтерінен табылған 27 ежелгі парсы қолжазбасының көшірмелері қойылған. Экспонаттар XVIII-XIX ғасырларда Қазақстан территориясында болған әлеуметтік-саяси және экономикалық процестер туралы бағалы мәліметтерді қамтиды.
Көрменің ашылуына дейін оны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан тамашалаған болатын. Құжаттар Қазақстанға Иран Президентінің Астанаға ресми сапары аясында берілді.
Экспозицияны қарап шыққан соң Қасым-Жомарт Тоқаев ирандық әріптесіне тарихи материалдарды ұсынғаны үшін алғыс айтып, олардың отандық ғылым мен қоғам үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Бұл – өте құнды сыйлық. Біз міндетті түрде қазақ қауымына бұл көрмені көрсетеміз, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен дәріптейміз. Бұрын білмеген тарихи деректер бар екен. Қазақ халқына пайдалы болады деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Қолжазбаларда Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, Тәуке мен Әбілқайыр хандардың иран шахтарымен дипломатиялық байланыстары, Түркістандағы саяси ахуал, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы көмір, темір, мыс, қорғасын және бирюза кеніштерінің табылып, оларды өндіру мәселесі сипатталған.
«Архивтік материалдар Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи байланыстардың тығыз болғанын айқын көрсетеді. Екі ел аумағынан Ұлы Жібек жолы өткен, бұл сауда, мәдениет және рухани байланыстардың дамуына ықпал еткен. Иран архивтерінде Қазақ хандығы, елшілердің сапары мен мемлекетаралық келіссөздер туралы жазбалар сақталған», делінген Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпаратында.
Сонымен қатар ведомство Иранның мәдени ықпалы Қазақстанның мәдени мұрасында да көрініс тапқанын атап өтті. Мәселен, Әзірет Сұлтан кесенесіндегі Тайқазанды Иран шебері Әбделазиз Шарафуддин Тебризи жасаған. Қазақ тілінде парсы сөздері көп. Ғалымдар тілдік қорымыздағы парсы сөздерінің үлесі шамамен 4% деп санайды.
Дереккөз: Мәдениет министрлігі