Қарағанды облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында эксперименттік жол таңбасы енгізілді, деп хабарлайды QazMonitor.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы мен Әкімшілік полиция басқармасы бірлесіп, республикалық маңызы бар «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз» автожолының 85-86 шақырым аралығында пилоттық жобаны іске асырды.
Жоба аясында апат жиі тіркелетін қауіпті учаскеде жол жиегіне қызыл түсті сызық сызылды. Бұл шешім жол шекарасын нақты көрсетіп, әсіресе күрделі жағдайларда жүргізушілердің назарын аударуға бағытталған.
Қазіргі уақытта енгізілген жаңашылдықтың тиімділігіне мониторинг жүргізіледі. Егер жоба оң нәтиже көрсетсе, тәжірибені республикалық маңызы бар өзге де автомобиль жолдарына кеңінен енгізу жоспарланып отыр.