Қазақстандық ғалымдар литий мөлшері төмен алюмосиликатты кендерді тиімді өңдеуге арналған инновациялық технология әзірледі. Жобаны ҚР Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының ғалымдары жүзеге асырды, деп хабарлайды QazMonitor.
Жаңа технология карботермиялық балқыту үдерісіне негізделген. Ол кенді кешенді өңдеп, литий мен алюминий силикаттарын толық бөліп алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде литий концентратымен қатар металлургия саласында сұранысқа ие ФС45 маркалы ферроқорытпа да алынады.
Ғалымдардың айтуынша, арнайы таңдалған технологиялық режимдердің арқасында литий шлак құрамында химиялық белсенді күйде шоғырланады. Бұл кейінгі өңдеу процесін жеңілдетіп, литий тұздарын алуға мүмкіндік береді.
«Құрамындағы литий мөлшері төмен кендерді өңдеу нәтижесінде біз құрамында 12–14% литий оксиді бар концентрат аламыз. Бұл өнімдегі литий оксидінің мөлшері дәстүрлі тәсілмен алынатын ұқсас өніммен салыстырғанда екі еседен астам жоғары. Қолданыстағы технологиялар бойынша бұл кезеңде литий оксидінің мөлшерін 5–6%-дан жоғары деңгейге жеткізу мүмкін емес», – дейді жоба жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты Феруза Бердіқұлова.
Мамандардың мәліметінше, жаңа технология күкірт қышқылының агрессивті ерітінділерін пайдалану көлемін азайтып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені және өндірістік шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әзірлеме Қазақстанның маңызды металдар бойынша отандық шикізаттық базасын кеңейтуге ықпал етеді.