Қазақстан Үкіметінде биылғы жылдың жұмысын қорытындылау үшін министрлердің баспасөз конференцияларының сериясы басталды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Astana Hub алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, энергетика саласын дамыту мәселелерін талқылады.
Үкімет биыл мұнай-газ секторын, жанар-жағармай материалдары нарығын және мұнай өңдеуді қамтитын ауқымды реформаларды жүзеге асыру ісін жалғастырғанын атап өтті.
Ведомство мәліметінше, мұнай-газ саласындағы жылдың басты оқиғасы Теңіз кен орнындағы болашақ кеңейту жобасының толық аяқталуы болды. Зауыттың үшінші буынын пайдалануға беру мұнай өндірудің жылына 12 млн тоннаға өсуін қамтамасыз етті, бұл экспорттық кірістің тұрақты көзін қалыптастырады және ұлттық экономиканың әлеуетін арттырады.
Сондай-ақ ЖЖМ ішкі нарығын реттеу саласында бағаны қолдан басқарудан нарықтық тетіктерге көшу жүзеге асырылды. Қабылданған шаралар нарықты тұрақтандыруға, оны отынмен қанықтыруға және тапшылық қаупін азайтуға мүмкіндік берді.
«2025 жылы қуаттылықты арттыру, өнім сапасын арттыру және ғылыми-технологиялық шешімдерді енгізу қағидаттарына негізделген мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді өндірістік бағдарлары бекітілді. Нысаналы көрсеткіш жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және қуаты жылына 10 млн тоннаға дейін жететін жаңа МӨЗ жобасын жүзеге асыру есебінен мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн-нан 39 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді», деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар биыл CaspiBitum зауытын жаңғырту аяқталды, нәтижесінде кәсіпорынның қуаты жылына 1,5 млн тоннаға дейін, ал битум өндірісі жылына 750 мың тоннаға дейін артты. Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту, сондай-ақ жаңа МӨЗ салу үшін әлеуетті инвесторлар тарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған қоса, ведомство Қазақстанда мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 12%-ға ұлғайғанын атап өтті.
Мұнай-газ химиясы саласында экономиканың шикізатқа тәуелділігін әртараптандыруға және төмендетуге арналған дәйекті бағыт жүзеге асырылып жатыр. Отандық мұнай-газ химиясы тұрақты екі таңбалы өсім қарқынын көрсетіп отыр және шикізат емес экспорттың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қалыптасуда.
«Мұнай-газ химиясындағы өнім өндірісінің көлемі 12%-ға өсті. Қазақстан терең өңделген полипропилен, бензол және параксилол сынды өнімдерді сыртқы нарықтарға жүйелі түрде жеткізуді бастады», деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Оның сөзінше, саланың стратегиялық дамуы ауқымды құрылыс кезеңімен тығыз байланысты. Елімізде әлемдік деңгейдегі ерекше мұнай-химиялық кешендер салынып жатыр. Атырау облысында полиэтилен зауытының болашақ пиролиз қондырғысының құрылысы 30%-дан астамына орындалды. Павлодарда алкилат шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталды.
Дереккөз: Үкімет