Алматы облысы, Қарабұлақ ауылының 11-сынып оқушысы Үкілі Омарова әлемдік деңгейдегі өзекті проблеманың шешімін ұсынды. Оның Soile AI стартабы сөйлеу қабілетінен айырылған азаматтармен тілдесуге көмектеседі. Бүгінде стартап халықаралық патентке ие, деп хабарлайды QazMonitor.
Отбасылық оқиғадан туған идея
Көптеген стартаптар нарықты зерттеуден басталса, Үкілінің жобасы жеке оқиғадан басталған. Оның ата-әжесі инсультпен бетпе-бет келгенде, жақын адамдарының арасындағы байланыс үзіліп қалғандай болғанын еске алды.
«Бұл жоба менің жеке тарихымнан басталды. Кішкентай кезінде алдымен атамда, одан кейін әжемде инсульт болды. Сол инсульттен кейін біз оларды түсінбей қойдық. Менің атам мүлдем сөйлей алмайтын, айтса да, дым түсініксіз еді. Әжем де инсульттен кейін біраз уақыт сөйлей алмады, кейін сөйлеу қабілеті қалпына келді», деп бастады әңгімесін ол.
Бұл ауыртпалық оқушының санасында «Неге оларды түсінетін құрылғы жоқ?» деген сұрақты қалдырды. Бір жыл бұрын IT әлемімен танысқан Үкілі өз сұрағына жауапты технологиядан іздей бастады.
Хакатоннан алғашқы жеңіске дейін
Үкілі «бағдарламалау» мен «стартап» терминдерін алғаш естігенде-ақ, бұл саланың мүмкіндігі шексіз екенін түсінді. Алғашқы хакатондардың бірінде ол бала кездегі арманын ЖИ арқылы жүзеге асыруды ұйғарды.
«Бір жыл бұрын осы «бағдарламалау», «IT», «стартап» деген сөзді ең бірінші рет естіп қалдым. IT саласын тереңірек біліп, өзімнің осы скиллдарымды арттыру үшін түрлі хакатондарға бардым. Былтыр бір хакатонда ЖИ көмегімен біз инклюзивті қоғамдастық үшін, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қандай да бір шешім ойлап табуымыз керек болды. Міне, басында бұл мүлдем басқа идея болған еді, бірақ кейін мен өз тарихымды есіме түсіріп, жылдам зерттеу жүргізуді жөн көрдім», деп қосты ол.
Айтуынша, зерттеу нәтижесі таңғалдырған: әлемде 800 миллионнан астам адамның сөйлеу қабілеті бұзылған. Бұл мәлімет оның дұрыс бағытта екенін көрсеткендей, осылайша осы бастамасы ІT-Fest 2024 жеңімпазы атандырды.
Мәлімет жинау: 24 800 бірегей жазба
Медициналық стартапты дамыту - үлкен қажырлылықты қажет ететін іс. Әсіресе, ЖИ-ді үйретуге қажетті дауыс базасы жоқ кезде жұмыс екі есе қиындайды. Үкіліге әр емделушінің есігін қағып, дауыс жазып алуға рұқсат сұрауға тура келген.
«Науқастарды тауып, оларды дауысын жазып алуға көндіруге тура келді. Осы уақыт ішінде 24 800 бірегей жазба жинадық. Жазба орыс және қазақ тілдерінде болды. Сондай-ақ платформада ТМД елдерінің басқа да тілдері болады: қазір қырғыз, өзбек тілдерін қосымша жетілдіріп жатырмыз. Бірақ мен жақында жазбаларды қолмен жүріп жинамау үшін жаңа шешім ойлап таптым. Қолданушы қосымшаның ішінде дауысы жазылған жазбаларын жазып, жібере алады. Яғни сервисті деректермен «қоректендіреді». Осының арқасында жасанды интеллект әр адамға жеке бейімделіп, өзі үйренеді», деді ол.
Үкілі датасеттер жинау үшін 19 клиникамен және логопедтермен ынтымақтастық орнатқан. Жоба басталғалы команда жиналған жазбалармен модельді қазақ тіліндегі 88,5 сағаттық материал негізінде оқытып шықты.
Soile AI қалай жұмыс істейді?
Бүгінде Soile AI-ды пайдалану үшін қарапайым смартфон жеткілікті. Telegram-бот арқылы жұмыс істейтін жүйе сөйлеу қабілеті бұзылған адамның дыбысын мәтінге айналдырып, оны анық дауыспен оқып береді. Қазір жоба Play Market пен App Store-ға шығуға дайындалып жатыр.
Қолданбада 300-ден астам ауру түрі қамтылған. Қазіргі модель ДЦП, инсульттен кейінгі жағдай және кекештенуді дәл анықтай алады. Алғашқы кезеңде қолданба толықтай тегін болады, себебі біз деректер базасын жинап, технологияны жетілдіру үстіндеміз. Алайда бұл — коммерциялық стартап болғандықтан, болашақта ақылы модельге көшу жоспарланып отыр. Қызмет құны барынша қолжетімді болады — айына шамамен 5000 теңге. Басты мақсатымыз — технологияның қоғамға нақты пайда әкелуі, сондықтан бастапқы кезеңде оны баршаға тегін ұсынамыз», деп толықтырды ол», деп толықтырды сөзін.
90 миллиард долларлық нарық
Үкілінің сөзінше, қазір оның жобасына инвесторлар ғана емес, халықаралық компаниялар да қызығушылық танытып жатыр. Тіпті шетелдік медициналық компания оны сатып алғысы келген, бірақ жас стартапер бас тартқанын айтады.
Себебі болашақта бұл технологияны ірі халықаралық технологиялық компаниялар сатып алуы мүмкін. Қазіргі таңда қазақша немесе қырғызша сөйлеу кезінде, әсіресе сөйлеу қабілеті бұзылған адамдардың дауысын көптеген жүйелер дәл тани бермейді. Ал бұл технология дәл осы мәселені шешуге бағытталған. Сарапшылардың болжамынша, Voice AI нарығы 2030 жылға қарай 90 миллиард долларға жетуі мүмкін. Сондықтан бұл - экономикалық тұрғыдан да, инклюзия мен әлеуметтік әсер тұрғысынан да өте әлеуетті сала», деді стартапер.
Қазіргі таңда Үкілі С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің резиденті. Оның командасында тағы екі адам бар, ол екеуі де мектеп оқушысы: бірі маркетингпен, екіншісі техникалық қолдаумен айналысса, Үкілі жобаның негізін қалаушы және СЕО сы ретінде стратегиялық шешімдерге жауапты. Ең қызығы, олар бұл жобаны нөл теңгемен бастаған.
«Мен ешқандай жеке қаражат салған жоқпын. Барлығын түрлі конкурстардан жүлдеге ұтып алған ақшаларыммен дамытып жатырмын. Стартап тілінде мұны «бутстрэппинг» (bootstrapping - ред) дейді. Менің басты мақсатым - мұқтаж жандарға көмек беру», деп қорытындылады Үкілі Омарова.
Үкілі Омарованың оқиғасы - ауыл мектебінде оқып-ақ, әлемдік технологиялық мәселені шешуге болатынының жарқын дәлелі. Soile AI тек қазақстандық қана емес, жаһандық инклюзия саласындағы серпіліс болуы мүмкін. Қазір ол жобаның ауқымын кеңейту: датасетті ұлғайту, қоңырауларды интеграциялау және пайдаланушыларға арналған қосымшалармен жаппай нарыққа шығуды жоспарлап отыр.