Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламалық құжаты әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл құжат іскерлік белсенділікті күшейтетін және шағын кәсіпкерліктің дамуына серпін беретін негізгі құрал болуы тиіс.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жергілікті өндірісті дамытуға және шикізатты қайта өңдеуді ынталандыруға бағытталған шараларды қамтитын бағдарламаны сапалы әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар құжатта қолөнер, былғары, сүт өнімдері және өзге де салаларды қолдау тетіктері қарастырылуы қажет.
«Жергілікті өндіріс пен шикізатты қайта өңдеуді ынталандыру, қолөнер, былғары, сүт өнімдері және басқа да салаларды кеңейту шараларын қамтыған жөн. Ол үшін әкімдіктер өңірдің әлеуеті мен қажеттіліктерін негізге ала отырып, басым бағыттардың тізбесін айқындауы қажет. Аталған шараларды іске асыру кәсіпкерлерге тікелей қолдау көрсетуге, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және шағын бизнестің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл орайда, әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы жобаларға баса көңіл бөлу керек», — деп атап өтті Премьер-министр.
Дереккөз: ҚР Үкіметі