Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. «Жасыл экономика» кеңесінде «таза көмір» пен эмиссияларды автоматтандырылған бақылау жүйесі талқыланды

«Жасыл экономика» кеңесінде «таза көмір» пен эмиссияларды автоматтандырылған бақылау жүйесі талқыланды

Премьер-министр энергетика саласын экологиялық жаңғырту бойынша нақты тапсырмалар берді

QazMonitor Logo
Telegram /  UKIMET
Telegram / UKIMET

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиынға экология және табиғи ресурстар, энергетика министрліктерінің, ірі энергетикалық кәсіпорындардың басшылары және қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

Кеңесте мемлекет басшысының энергетика саласын жаңғырту бойынша «ең үздік қолжетімді техникаларға» көшу және орнықты даму есептілігін кезең-кезеңімен енгізу тапсырмаларының іске асырылуы қаралды. Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, Қазақстандағы энергетика саласы ластаушы заттардың жалпы көлемінің шамамен 39%-ына жауапты. Негізгі ластаушылар Павлодар облысындағы Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2, сондай-ақ Алматы қаласы болып отыр.

Эмиссияларды азайту мақсатында аталған стансаларда автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе деректерді нақты уақыт режимінде Экология министрлігінде көрсетіп, толық қосылу 2026 жылы жоспарланған.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов «таза көмір» технологияларын енгізу және жаңа кәсіпорындардың қатаң экологиялық стандарттарға сәйкестігі туралы баяндады.

«Президент еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша нақты міндеттер қойды. Кәсіпорындар эмиссияларды қысқартуы және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуі тиіс. Көмірден энергия өндіретін барлық қуат көздері заманауи талаптарға сай болуы қажет, зиянды қалдықтар шығармауы керек», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Кеңес барысында «KazWaste», «Жасыл Академия» және «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» секілді еліміздің экологиялық қауымдастықтарының өкілдері сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынатын жылу электр орталықтарында тек «таза көмір» технологияларын қолдануды, сондай-ақ энергетика секторын цифрландыру мен қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи шешімдерін енгізуді қатаң бақылауға алу туралы тапсырма берді.

Аталмыш шаралар Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асыру, энергетика секторында экологиялық жауапкершілікті арттыру және өнеркәсіптік қалдықтарды тиімді басқару бағытындағы маңызды қадам болмақ.

Дереккөз: ҚР Үкіметі

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.