Кез келген базалық гардеробты ерекше етіп көрсететін деталь — ол сапалы әрі қолмен тігілген аксессуар. Қазақстандық «Qiyal» жобасы саналы тұтыну трендіне сай келетін заманауи қолөнер бұйымдарын нарыққа шығарумен айналысады. Бүгінде жоба ұсынған бірегей аксессуарлар, галстук-корсеттер мен авторлық сөмкелер қазақша этно-стильді жаңа деңгейге шығарып, дәстүр мен заманауи сәнді ұштастырып жатыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Бүгінде масс-маркеттің бірсарынды киімдерінен шаршаған жастар ерекшелікке, тарихы бар бұйымдарға ұмтылуда. Дәл осы трендті сезінген техника ғылымдарының магистрі, AI-маркетинг және E-commerce маманы Әсемнұр Бижанова ерекше «Qiyal» жобасын қолға алды. Бұл жай ғана бизнес емес, бұл – үйде отырған аналар мен әжелердің шығармашылығын табысқа айналдыратын әлеуметтік платформа.
Жобаның негізгі қатысушылары – 35 пен 65 жас аралығындағы шебер әйелдер. Олардың арасында көпбалалы аналар мен ауылдарда тұратын әжелер бар.
«Біздің шеберлер – өте сенімді кісілер. Тек олар маркетинг пен сатылым әлемінен алшақ. Олар тек шығармашылықпен айналысады, ал қалған жұмысты – дизайннан бастап сатылымға дейін – біздің команда өз мойнына алады», дейді Әсемнұр.
Қарағанды облысында басталған жоба әлі бастапқы кезеңде болса да, нәтиже көңіл қуантарлық. Бар болғаны 20-дан астам сатылым жасалғанымен, оның әрқайсысының артында үлкен мағына бар. Мәселен, қазақстандық шебердің қолынан шыққан аксессуар Испанияда өткен концертте бой көрсетіп, әлеуметтік желілерде трендке айналған. Жоба авторы бұл – қатысушы әйелдер мен олардың балалары үшін үлкен мотивация деп есептейді.
«Өнім дайындалмай тұрып біз әлеуметтік желіге саламыз. Алдын ала сатылымға шығарамыз, сосын барып дайындауға жібереміз. Шеберлер көбінесе интернеттен көрген заттарды қайталап жасайды. Сосын достарына, туыстарына таратып жібереді. Яғни нарыққа қатты қажет емес бұйымдар болып қалады. Бұл кезде біз консультация жасаймыз: клиенттерге осындай заттар керек, былай істесек заманауи болады деп түсіндіреміз», деп қосты ол.
Оның сөзінше, бүгінгі 25–35 жас аралығындағы тұтынушылар үшін саналы тұтыну маңызды. Олар жай ғана зат емес, «мұны кім жасады?» және «оның артында қандай оқиға тұр?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Бүгінде сатылымға базалық киімдерді ерекшелендіретін аксессуарлар — галстук-корсет, жаға, ноутбукке арналған сөмке мен «Үбіжік» деген ойыншық шықты. Енді шеберлер дизайнер-конструктормен жаңа топтама әзірлеп жатыр, онда кілтке арналған бұйымдар, жүннен жасалған картиналар, тұмарлар мен шопперлер бар.
Әсемнұр Бижанованың мақсаты айқын: қазақ әйелдерінің туындыларын әуежайлардағы кәдесый дүкендеріне шығару және танымал тұлғалардың таңдауына айналдыру.
«Одан тек қана біз емес, жобадағы әйелдер мен олардың балалары да мотивация алады. Көбінесе бізде әйелдер өз отбасылары үшін карьерасынан бас тартады. «Qiyal» жобасы осы бос орынды толтыратын көпір болса деймін», деп қосты жоба авторы.
Қазіргі таңда жоба Қарағанды облысын қамтып отыр, бірақ жақын арада Астана мен Алматы қалаларының шеберлері де жобаға қосылады деп жоспарланып отыр.