Қазақстанда 2025 жылдан бастап креативті индустрияға жататын қызмет түрлерінің ресми тізбесі күшіне енді. Оның құрамына кино, дизайн, баспа ісі, сондай-ақ музей мен көрме ісі кіреді. Бүгінде осы сала өкілдерінің бір бөлігі жаңа туындылар жасап қана қоймай, ұмыт қалған мұраларды — архивтерді, кітап графикасын және қазақстандық мәдениеттің визуалды тілін қалыптастырған тұлғалардың тарихын қайта жаңғыртумен де айналысып жатыр.
Сондай жобалардың бірі — 17 маусым мен 30 тамыз аралығында Алматыдағы Aspan Gallery төрінде өтіп жатқан «Медиум – Книга» көрмесі. Ол «Жалын», «Жазушы», «Мектеп», «Өнер» сияқты республикалық баспалардың дамуы шарықтау шегіне жеткен 1965–1991 жылдардағы кеңестік-қазақстандық кітап графикасының «алтын дәуіріне» арналған. Көрме жайында оның кураторы әрі зерттеушісі Ален Ли айтып берді.
«Бұл көрме — Қазақстандағы көркемдік медиум ретіндегі кітап тарихын зерттейтін ауқымды жобаның төрт бөлімінің бірі. Яғни, бұл — кітаптың бұйымдық пішіні арқылы суретшілердің, безендірушілердің, дизайнерлердің, тіпті кейде мүсіншілердің көркемдік ой-қиялы қалай жүзеге асқанын көрсететін жоба».
1965–1991 жылдар аралығы ең айқын әрі қызықты кезең ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ: шамамен 1964 жылдан бастап жылымық дәуірінің алғашқы қазақстандық мамандары КСРО-ның үздік жоғары оқу орындарын бітіріп, елге оралды. Осылайша ресми шығармашылық үшін жемісті орта қалыптасты. Бұл кезеңнен сақталған кітап өте көп, әрі сол суретшілерді білетін, олармен иық тіресе жұмыс істеген куәгерлердің көзі тірі. Олардың да дауысы мен естелігін осы жобаға қосу маңызды болды.
«Меніңше, Қазақстанның көпұлтты ел екенін есте ұстаған жөн. Мұнда орыс, украин, еврей, корей, неміс, беларус және басқа да түрлі ұлт өкілдері шығармашылықпен айналысты. Олар — шығу тегі, тарихы мен ділі жағынан әртүрлі адамдар. Алайда бәрі де осы топырақта бір-біріне ықпал етіп, бірге еңбек етті. Сол кездегі Қазақстанның көркемөнер сахнасы мен мәдениетін ерекше ететін де — осы жайт».
Көрмені дайындауға бірқатар азаматтар үлкен үлес қосқан. Олардың қатарында «қазақстандық кітап графикасының алтын дәуірі» деген терминді жобаға атау етіп берген Борис Пак туралы каталогтың авторы Елизавета Ким; бұған дейін ешкімге көрсетілмеген әкесінің отбасылық архивімен бөліскен Әлия Исабаева; сондай-ақ суретші Қадырбек Кәметов бар.
Ален Ли көрменің негізгі жәдігерлері ретінде шебер Владимир Колупаевтың құрал-саймандар салынған жәшігін, сондай-ақ Исатай Исабаевтың қарындашпен салған нобайы мен линогравюралық матрицасын атады. Өйткені бұл жәдігерлер кітап графикасын жасаудың нақты процесін көрсете алады.
Жоба алдағы уақытта тағы үш бөліммен жалғасады: 1860 жылдардан 1917–1920 жылдарға дейінгі Қазақстандағы баспа ісінің империялық кезеңі, 1965 жылға дейінгі ерте кеңестік кезең және 1991 жылдан бүгінгі күнге дейінгі қазіргі заман. Тұтас жобаны толық жүзеге асыру кем дегенде бес-алты жылға жоспарланып отыр.