Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан дәрі-дәрмек сатып алуда бюджет қаржысын қалай үнемдеп жатыр?
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 06 қаңтар, 2026 | 10:05
2 мин. - оқу уақыты

Қазақстан дәрі-дәрмек сатып алуда бюджет қаржысын қалай үнемдеп жатыр?

Былтыр дәрі-дәрмек сатып алуда 85 млрд теңге үнемделді, ол қаржы қайда жұмсалды?

gov.kz
gov.kz

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда дәрілік заттарды сатып алуда 85 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Бұл көрсеткіш соңғы жылдардағы фармацевтикалық қамтамасыз ету жүйесіндегі ең ірі үнемдеулердің бірі ретінде тіркеліп отыр. Үнем нақты қандай тетіктер арқылы қалыптасты және бұл пациенттер үшін нені білдіреді?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, негізгі нәтиже жоспарлау сапасын арттыру, медициналық ұйымдардың нақты қажеттіліктерін есепке алу және өтпелі қалдықтарды талдау есебінен мүмкін болған. Бұған дейін дәрі-дәрмекке тапсырыс көбіне болжамды көрсеткіштерге сүйеніп жасалса, 2025 жылы сұраныс нақты пациенттік деректермен байланыстырылған.

Сонымен қатар сатып алу рәсімдері де қайта қаралды. Бірыңғай дистрибьютор - «СҚ-Фармация» компаниясы конкурстық сатып алуларды ірі лоттар арқылы жүргізіп, логистикалық шығындарды азайтуға қол жеткізген. Орталықтандырылған сатып алу моделі дәрі-дәрмек бағасын орта есеппен 10-15% төмендетуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, үнемделген 85 млрд теңге бюджетке қайтарылған жоқ. Қаражат жыл ішінде қосымша ем тағайындалған пациенттерді қамтамасыз етуге және дәрілік заттардың қосымша көлемін сатып алуға бағытталды. Бұл, әсіресе, әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша емнің үздіксіздігін сақтауға мүмкіндік берген.

2025 жылы алғаш рет Бірыңғай дистрибьютор 21 млрд теңге көлемінде төмендетілмейтін қор қалыптастырды. Бұл қор жүйенің 2–3 айлық қажеттілігін жабуға есептелген. Аталған резерв есебінен тамыз және қараша айларында медициналық ұйымдардан түскен 8,5 млрд теңге және 4,4 млрд теңге көлеміндегі қосымша өтінімдер жедел түрде қанағаттандырылды.

Бұл тетік әсіресе қант диабеті, онкологиялық аурулар, гемофилия және трансплантациядан кейінгі ем алатын пациенттер үшін маңызды болды. Республикалық транспланттау орталығының мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда 382 трансплантация жасалған, ал 2025 жылы 31 жаңа пациент есепке алынған. Бүгінгі күні ағза донорлығына күту парағында 4 521 науқас тұр. 2025 жылдың 10 қарашадағы мәліметке сәйкес, былтыр 335 науқас кезектен алынған.

Министрлік бұл пациенттер үшін қажетті дәрілік препараттар жоспардан тыс сатып алынып, уақытында жеткізілгенін атап өтті.

Өз кезегінде «СҚ-Фармация» биыл 2 мыңнан астам атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды көздеп отыр. Бұл мақсатқа 567 млрд теңге бөлінетіні хабарланды, аталған көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 7,2% көп. Оның ішінде 400-ден астам дәрі тікелей өндірушіден алынады, осылайша арада делдалдардың пайда болуына жол берілмейді.

Сонымен қатар министрлік ақпаратына сәйкес, биылдан бастап елдегі дәрі қорының атаулары кеңейтілген: қазір тізімде 341 дәрі түрі бар. Оның ішінде сирек кездесетін аурулар, жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, эндокриндік сияқты негізгі нозологиялар бойынша маңызды препараттар бар.

Бұған қоса, «СҚ-Фармация» логистикалық шараларды қайта қарап, дәрілерді жеткізу күнін 10 күннен 5 күнге қысқартты. Бұл дәрілік заттардың тез жеткізілуі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Айта кетейік, бұдан бөлек министрліктің Қазақстанның фармацевтикалық нарығында мемлекеттік реттеу жұмыстары нәтиже бере бастады. Атап айтқанда, 2025 жылы елдегі бірқатар өмірлік маңызы бар дәрілердің бағасы төмендеді. Бүгінде 4994 дәріге шекті баға белгіленген. Ал рецепсіз босатылатын 1707 дәрілік зат мемлекеттік реттеуден шығарылды.

Сондай-ақ 2024 жылы 1 шілдеден бастап дәрі-дәрмекке енгізілген цифрлық таңбалау жұмысы оң нәтижені көрсетті. Отандық өндіруші мен импорттық препараттарды жеткізетін дистрибьюторлар мен ірі қоймалар дәрілерді таңбалай бастады. Тағы мемлекеттік лицензиясы бар 1400 бизнес нысан нарықта жұмыс істемейтінін көрсетті. Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, цифрлық таңбалаудың нәтижесінде фармсектордан түскен салық 24%-ға артқан.

Еске салсақ, қазақстандықтар дәрінің шекті бағасы мен заңдылығын Naqty Onim қосымшасы арқылы тексере алады. Сонымен қатар бағаға қатысты шағымдана алады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.