Пара биатлоннан өткен Әлем кубогында қазақстандық спортшы Ербол Хамитов қола жүлдеге ие болды. Ол 12,5 шақырым қашықтықты 38 минут 21 секундта бағындырды, деп хабарлайды QazMonitor.
Аталған дистанцияда бірінші орынды украиналық спортшы Тарас Рад (37:08) иеленсе, екінші орын АҚШ өкілі Пайк Ааронға (38:16) бұйырды.
Айта кетейік, пара биатлоннан Әлем кубогы Польшаның Якушице қаласында 22–25 қаңтар аралығында өтті. Жарысқа Қазақстан, Канада, Ұлыбритания, Бразилия, Испания, АҚШ, Украина және Италия елдерінің үздік спортшылары қатысты.
Бұл бәсеке 6-15 наурыз аралығында өтетін XIV қысқы Паралимпиада ойындарына рейтингтік жарыстардың бірі болып саналады. Сонымен қатар, ұлттық құрама 28 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Якушицеде өтетін пара шаңғы жарысынан Әлем кубогында бақ сынайды.