Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Үкімет курорттардың инфрақұрылымын «ұлттық маңызы бар» деңгейге көтермек
  1. Жаңалықтар
  2. Туризм
Astana, Kazakhstan • 27 қаңтар, 2026 | 12:19
2 мин. - оқу уақыты

Үкімет курорттардың инфрақұрылымын «ұлттық маңызы бар» деңгейге көтермек

Туризм министрі Қазақстан курорттарындағы жүйелі проблемаларды айтты

QazMonitor
QazMonitor

Қазақстанның негізгі курорттық аймақтары туристер ағымының өсуіне дайын емес. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында жасаған баяндамасында Бурабай, Баянауыл, Катонқарағай, Балқаш, Қапшағай, Алакөл және Маңғыстау бағыттарында жүргізілген тексерістердің нәтижесін жариялап, инфрақұрылымдағы өткір мәселелерді атады, деп хабарлайды QazMonitor.

Оның сөзінше, жүргізілген тексерулер туристік маусымның ең қызған кезеңінде инженерлік желілердің істен шығуы қалыпты жағдайға айналғанын көрсетті. Мысалы, Абай облысындағы Алакөл жағалауында өткен маусымда электр желісі 33 рет өшкен.

Сонымен қатар Қарағанды, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарындағы курорттық аймақтарда орталықтандырылған су мен кәріз жүйесі әлі күнге дейін шешілмеген.

Алакөл мен Каспий: жағалау шегініп, қауіп ұлғайып келеді

Министр су ресурстарын, соның ішінде ұңғымаларды пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл проблема әсіресе Алакөл жағалауында ушығып тұр. Көлдің екі бетінде де жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілмеген.

Кептеліс, жанармай тапшылығы және сервис жетіспеушілігі

Министрдің сөзінше, инфрақұрылымдағы әлсіздік көлік пен сервистен де байқалады. Бурабай курорттық аймағында маусым кезінде тұрақты кептеліс тіркелсе, Балқаш бағыты бойынша жол бойындағы қызмет көрсету объектілері жетіспейді. Бұған қоса, жанармай құю станцияларында сағаттап кезек күту фактілері анықталған.

Экологиялық мәселе де өзекті: барлық дерлік курорттық аймақта қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар жоқ.

Осыған байланысты министрлік басым туристік аумақтардағы инфрақұрылымдық жобаларды жалпыұлттық және аса маңызды объектілермен теңестіруді ұсынды. Қазіргі таңда тиісті түзетулер Сенатта қаралып жатыр, ал Ұлттық экономика министрлігіне қолданыстағы қағидаларға өзгеріс енгізу тапсырылмақ.

Дәретхана бар, бірақ жабық

Тексеру барысында абаттандыруға қатысты ұйымдастырушылық олқылықтар да анықталған. Өңірлер 60 санитарлық-гигиеналық торап орнатылғанын есеп бергенімен, қайта тексеру кезінде олардың көпшілігі жабық немесе инженерлік желілерге қосылмаған болып шықты. Жағажайлар көбіне жабдықталмаған және аймақтарға бөлінбеген.

Министрдің айтуынша, осы олқылықтардың салдарынан өткен маусымда туристердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жазатайым оқиғалар орын алған.

Стандарт бар, бірақ міндетті емес

Қосымша проблема – заңнамалық реттеудің әлсіздігі. Жағажайларды жайластыру жөніндегі ұлттық стандарт ерікті түрде ғана қолданылады, ал судағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуын бақылау жүйелі жолға қойылмаған.

Министрлік әкімдіктерге тазалық, қауіпсіздік және қолжетімділік талаптарын қамтитын ұлттық стандарттарды жолдады. Сонымен қатар курорттық аймақтарға біріңғай дизайн-код енгізу ұсынылды. Қонаев, Павлодар қалалары мен Бурабайда мұндай үлгілер бар, енді осы тәжірибені басқа өңірлерге тарату көзделіп отыр.

Жүйелі проблемаларды шешу үшін Туризм және спорт министрлігі 2026–2029 жылдарға арналған жол картасының жобасын әзірледі. Құжат курорттық аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және туристер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жоба мемлекеттік органдармен алдын ала келісілген.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.