Елордада Өнер музейінің ресми ашылу рәсімі өтті. Шараға қаладағы гидтер, экскурсоводтар, туроператорлар және туристік ұйымдардың өкілдері қатысты.
Тұсаукесер барысында қонақтарға ұлттық музыкалық аспаптар көрсетіліп, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі концерттік бағдарлама ұсынды. Сонымен қатар музейдің негізгі экспозициялары таныстырылды.
Жаңа мәдени кеңістікте 1600-ден астам ұлттық музыкалық аспап қойылған. Оның ішінде сирек кездесетін және ұмыт бола бастаған көне аспаптар – желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық және басқа да бірегей жәдігерлер бар. Барлық аспаптар музей шеберлері тарапынан қолдан жасалған.
Мекеме жанынан Болат Сарыбаев атындағы ғылыми-зертханалық шеберхана ашылады. Заманауи жабдықтармен қамтылған орталықта ұлттық аспаптар ғылыми тұрғыда зерттеліп, қалпына келтіріліп, көпшілік назарына ұсынылады.
Музей қорында ұлттық киімдер мен бас киімдердің ерекше коллекциясы да бар. Ал ірі мәдени шараларда музей қызметкерлерінен құралған JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP мультиаспаптық ансамблі өнер көрсетпек.
Айта кетейік, музей XIX ғасырдың соңында салынған көне мектеп ғимаратында орналасқан. Бұл нысан 1982 жылдан бері республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауында тұр.
Дереккөз: Астана қаласының әкімдігі