Қазақстандық оқушы қыздар Technovation Girls халықаралық технологиялық байқауының жоғары жас санатындағы финалында алғаш рет бақ сынап, бірден бас жүлдеге ие болды. Қарағанды қаласындағы «Дарын» мектебінің Asian Sharks командасы Үндістанның Бенгалуру қаласында шахталардағы қауіпсіздікті бақылауға арналған SAMRUQ.AI жобасын таныстырды, деп хабарлайды QazMonitor Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысының білім басқармасының мәліметінше, қазақстандық команда АҚШ, Канада, Аргентина, Венгрия, Испания, Жапония және басқа елдерден келген финалистермен бәсекеге түскен.
«Бұл – оқушыларымыздың STEM, IT және инженерлік технологиялар саласындағы әлеуетін айқын танытатын үлкен жетістік. Asian Sharks командасы әлемнің түрлі елдерінен келген финалистерден озып, қыздарға арналған ең беделді халықаралық технологиялық байқаулардың бірінде жеңіске жетті», – деп хабарлады ведомство.
SAMRUQ.AI жүйесі шахта ішіндегі жағдайды бақылап, кеншілерге төнетін қауіпті дер кезінде анықтауға арналған. Жоба аясында датчиктер, сымсыз байланыс, цифрлық платформа және жасанды интеллект бір жүйеге біріктірілген.
Жүйе шахтадағы микроклимат, түтін мен діріл туралы деректерді жинап, ықтимал қауіптерді бағалайды және тиісті ақпаратты диспетчерге жібереді. Сонымен қатар шахтаға түскен және жер бетіне шыққан жұмысшыларды автоматты түрде санайды. Бұл апат болған жағдайда жер астында қанша адамның қалғанын жедел анықтауға көмектеседі.
Халықаралық финалға дайындық кезінде оқушылар жүйені 350-ден астам рет сынақтан өткізіп, датчиктерін калибрлеген. Жобаның түпнұсқасы Қарағандыдағы оқу шахталарында да екі рет тексерілген.
Команда жобаның тақырыбын өңір үшін өзекті мәселені шешу мақсатында таңдаған. Оқушы қыздар өнеркәсіптік қауіпсіздікті заманауи технологиялар арқылы жақсартуды көздеді.
Asian Sharks командасы халықаралық жеңіске дейін де республикалық деңгейде көзге түскен. Тамыз айында SAMRUQ.AI жобасы Астанада өткен Samsung Solve for Tomorrow байқауында үшінші орын алып, 1 млн теңге сыйақы иеленді.