Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Қазақстан әскерінде дрон құрастырудың толық циклі іске қосылды

Қазақстан әскерінде дрон құрастырудың толық циклі іске қосылды

Десанттық-шабуылдау әскерлері бір айда 100-ден астам дрон шығарады

QazMonitor Logo
gov.kz
gov.kz

Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлерінде ұшқышсыз авиациялық жүйелерді (ҰҰА) жинақтау, баптау және сынақтан өткізудің толық циклі қалыптасты. 2025 жылдың желтоқсанынан бастап 100-ден астам дрон шығарылды, деп хабарлайды QazMonitor,

Қорғаныс министрлігі бүгінде дрондарды жинақтау, баптау, сынақтан өткізу және оларды әскер бөлімдеріне тапсырудың толық циклі жолға қойылғанын хабарлады. Ұшқышсыз авиациялық жүйелер бөлімшелері десанттық-шабуылдау әскерлері құрамында екі жыл бұрын құрылған. Осы аралықта әскери қызметшілер дрондарды практикалық қолдануды меңгеріп қана қоймай, оларды өз күшімен жинақтау мен жөндеу жұмыстарын да жолға қойды.

«Дрондарды жасау, жинау және жөндеу шеберханасы 2025 жылдың желтоқсанында жұмысын бастады. Онда арнайы дайындықтан өткен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер қызмет етеді. Жақында мұнда жүзінші ұшқышсыз ұшу аппараты құрастырылды», деді министрлікте.

Дрондар міндетті түрде бақылау сынақтарынан өткізіліп, кейін әскери бөлімдерге тапсырылып жатыр.

Сонымен қатар биыл десанттық-шабуылдау әскерлерінің оқу орталығы базасында ҰҰА операторларын даярлауды бастау жоспарланып отыр. Оқытуды арнайы курстардан өткен, әртүрлі үлгідегі дрондарды қолдану тәжірибесі бар нұсқаушылар жүргізеді.

Айта кетейік, дрондар «Десант-2025» оқу-жаттығулары барысында алғашқы «жауынгерлік сынақтан» өткен. Олар әуе барлауын жүргізіп, авиация мен артиллерияның атысын түзетті, соққы беруге қатысып, бөлімшелерді нақты уақыт режимінде басқаруды қамтамасыз етті.

Қазіргі таңда десанттық-шабуылдау әскерлерінің қару-жарағында отандық дрондармен қатар, шетелде жасалған тактикалық ұшқышсыз авиациялық жүйелер бар.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.