Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік саланы цифрландырудың тиімділігіне және отандық Aitu мессенджерін пайдаланудың төмен деңгейіне назар аударды, деп хабарлайды QazMonitor.
Мемлекет басшысы былтыр республикалық бюджеттің шамамен 40%-ы әлеуметтік салаға бөлінгенін, алайда бұл қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалғаны туралы сұрақ бар екенін айтты. Осыған байланысты Үкіметке үй шаруашылықтарының әлеуметтік цифрлық профилін қалыптастыру міндеті жүктелді. Президенттің айтуынша, бұл әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Президент әлеуметтік қолдаудың барлық түрі — ақшалай төлемдер, азық-түлік, дәрі-дәрмек, баспана немесе білім алуға арналған ваучерлер — банк және төлем инфрақұрылымымен интеграцияланған «әлеуметтік әмиян» арқылы көрсетілуі тиіс екенін атап өтті. Үкімет пен әкімдіктер бұл тәжірибені барлық өңірде кеңінен қолданып, жыл соңына дейін іске қосуды жеделдетуі қажет.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы отандық Aitu мессенджеріне қатысты ойын айтты.
«Менің байқауымша, Үкімет отандық Aitu мессенджеріне тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Тіпті оны мемлекеттік қызметкерлер де пайдаланбайды», деді ол.
Президент сондай-ақ EGov AI әмбебап жасанды интеллект-көмекшісін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйе барлық азаматқа қолжетімді болып, біртіндеп Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын басуы тиіс.