Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Астана мектептеріндегі қауіпсіздікті жасанды интеллект бақылайды

Астана мектептеріндегі қауіпсіздікті жасанды интеллект бақылайды

Елордалық №107 мектеп цифрлық трансформацияның пилоттық алаңына айналды

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

Астанадағы №107 мектеп «ЖИ негізіндегі мектеп» моделін жүзеге асыруды бастады. Жоба аясында білім ордасы Protector AI компаниясымен серіктестік орнатып, бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект алгоритмдерін біріктірді, деп хабарлайды QazMonitor.

Мектеп директоры Айгүл Бейсенбинаның айтуынша, инновациялық жүйенің басты артықшылығы - ол оқиға орын алғаннан кейін емес, оның алдын алу мүмкіндігін береді. ЖИ камералары тек кескінді жазып қана қоймай, оқушылар арасындағы агрессивті әрекеттер мен физикалық қақтығыстарды автоматты түрде анықтап, мектеп басшылығына жедел хабарлама жолдайды.

Сондай-ақ алгоритм баланың көңіл-күйін бақылайды. Егер оқушыда жиі ашулану немесе күйзеліс белгілері байқалса (5 реттен көп тіркелсе), бұл психологтар мен педагогтар үшін превентивті жұмыс істеуге сигнал болады.

«Бұл жүйе көмекші құрал ретінде қыркүйек айында іске қосылды. Мұндағы мақсат – кез келген оқиғаның салдарымен күресу емес, керісінше олардың алдын алу. Мектепте жыл сайын бала саны артып жатыр. Оқу ордасы ашылған уақытта 242 оқушы болса, қазір олардың саны 847-ге жетті. Алдағы уақытта 1 200-ге дейін артады деген жоспар бар. Әлбетте, мектепте барлық жерде бейнебақылау камерасы орнатылған. Алайда олардың барлығын қарап отыру мүмкін емес. Ал ЖИ негізіндегі бейнебақылау камералары бірден оқиға туралы ескертіп отырады», деді директор.

Технологиялық шешімдер тек қауіпсіздікпен шектелмей, оқу процесіне де енгізілген. Педагогтар арнайы біліктілік курстарынан өтіп, ЖИ құралдарын күнделікті жұмысқа қолдана бастады. Атап айтқанда тест тапсырмаларын құрастыру және оларды тексеру ЖИ көмегімен автоматтандырылған, бұл мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайтады.

Бұған қоса, жүйе оқушының үлгерімін талдап, мұғалімге білім сапасын арттыру бойынша ұсыныстар береді. Бұл ретте пән мұғалімдері теорияны практикамен ұштастыратын цифрлық контенттер базасын қалыптастырған.

Сонымен қатар, мектептің сервис деңгейі де цифрландырылған: кіреберісте орнатылған ЖИ-гид (LED-экран) келушілерге мекеме туралы ақпаратты интерактивті форматта ұсынады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.