Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Депутат тренинг-индустрияны «деструктивті секта» деп тануды ұсынды

Депутат тренинг-индустрияны «деструктивті секта» деп тануды ұсынды

Мәжілісмен психологиялық қысым көрсететін коучингтерді тексеріп, лицензиялауды талап етті

QazMonitor Logo
freepik
freepik

Қазақстанда қарқынды таралып келе жатқан мотивациялық және психологиялық тренингтер Мәжіліс мінберінде сынға ұшырады. Депутат Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, жарнамасы жер жарған кейбір курстар азаматтарға даму емес, керісінше рухани, психологиялық және қаржылық зиян келтіріп отыр, деп хабарлайды QazMonitor.

Депутат бұл мәселені қоғамда алаңдаушылық күшейгендіктен қайта көтеруге мәжбүр болғанын атап өтті.

«Жарнамасы жаңғыртып тұрған тренингтер азаматтарға пайдасы емес, керісінше рухани, психологиялық және қаржылық зиян келтіріп отыр», деді Жарқынбек Амантайұлы депутаттық сауалында.

Мысал ретінде ол «Выбор KZ» интернет платформасы арқылы қызметін белсенді жарнамалайтын Mindfulness оқу орталығын келтірді. Айтуынша, аталған орталықта үш сатылы офлайн курс ұсынылады: базалық курс – 50 мың теңге, «трансформациялық» курс – 95 мың теңге, көшбасшылықты дамыту курсы – 150 мың теңге. Ал онлайн форматтағы «эмоционалдық еркіндік» курсының құны 200 мың теңгеге дейін жетеді.

Депутаттың айтуынша, осындай орталықтардың қатарында «Вектор», «Лидер», «Мотиватор» секілді атаумен жұмыс істейтін, көбіне шетелдік форматты көшіретін құрылымдар бар. Олардың жұмыс істеу әдісі ұқсас: қатысушылардан телефон жинап алу, психологиялық қысым көрсету және жеке шекараға қол сұғу кездеседі.

Депутаттық сауалда тренингтер барысында қолданылатын әдістерге де тоқталды. Бірінші кезеңде қатысушылар көпшілік алдында жеке проблемаларын ашуға мәжбүрленеді. Ал келесі кезеңдерде әлеуметтік рөлдерді өзгерту, өзін төмендететін тапсырмалар орындау талап етілетіні айтылды.

«Осылайша бұл тренингтер адам санасын тәжірибе алаңына айналдыруда. Ал курс аяқталған соң қысымның жаңа түрі басталады. Қатысушыға міндетті түрде үш адамды курсқа тарту талабы қойылады. Орындай алмаса, тағы да қорқыту, психологиялық қысым, әуелде өзі әшкерелеген қылмыстары мен айыптарын жариялау, жобадан шығарамыз деген сынды үрей туғызады. Тіпті ірі айыппұл салатыны көрінеді. Айдың күннің аманында қарапайым азаматтарымызды рухани күйретіп, психологиялық тұрғыдан әлсіретіп, қаржылай тонауға жол беруге болмайды», деді депутат.

Жарқынбек Амантайұлы мұндай құрылымдарды жай тренинг емес, деструктивті сипаттағы ұйымдар ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты ол уәкілетті органдардан бірнеше нақты шара қабылдауды сұрады. Атап айтқанда тренингтердің бағдарламалық мазмұны мен әдістемелеріне ресми тексеру жүргізу. Психологиялық қысым, мәжбүрлеу және манипуляция белгілеріне құқықтық баға беру. Сонымен қатар тренингтік бағдарламаларды лицензиялау, сертификаттау және мемлекеттік реттеу тетігін енгізуді сұрады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.