Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Биологиялық белсенді қоспалар «көлеңкеден» шығады: 57 тауар міндетті таңбалауға жатады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 03 ақпан, 2026 | 16:42
1 мин. - оқу уақыты

Биологиялық белсенді қоспалар «көлеңкеден» шығады: 57 тауар міндетті таңбалауға жатады

Қазақстан ББҚ-ны таңбалау бойынша пилоттық жобаны қорытындылады

telegram / markirovkatovarov
telegram / markirovkatovarov

Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жоба қорытындыланды. Ел ЕАЭО аясында ББҚ-ны таңбалауды енгізу туралы келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, 57 тауар коды міндетті таңбалауға жатады, деп хабарлайды QazMonitor.

Пилоттық жоба 2025 жылғы 28 наурыз бен 31 желтоқсан аралығында өткен. Оған 7 отандық өндіруші, 10 импорттаушы және 3 бөлшек сауда субъектісі қатысты. Жоба аясында цифрлық таңбалаудың барлық негізгі кезеңдері – қатысушыларды тіркеу, тауар карточкаларын жасау, өнім бірлігіне жеке код жапсыру, қораптар мен паллеттерге агрегаттау, көтерме және бөлшек сауда арқылы өткізу процестері толық сынақтан өтті.

Нәтижесінде өнімнің әрбір қозғалысы ақпараттық жүйеде тіркеліп, жеткізу тізбегінің толық ашықтығы қамтамасыз етілді. Сату сәтінде кодтың сканерленуі арқылы тауар айналымнан автоматты түрде шығарылады.

Tañba бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторының басқарушы директоры Алмат Исмаиловтың айтуынша, сала толық цифрландырылған жағдайда деректерді салыстыру арқылы сәйкессіздіктерді анықтау жеңілдейді. Биологиялық белсенді қоспалар бойынша ақпарат Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданатын болады.

Пилоттың табысты өткенін ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті бекіткен критерийлер растады: жоба 12 айдан аспайтын мерзімде аяқталды, кемінде төрт эксперимент жүргізілді, айналымның барлық кезеңдерінде нарық субъектілері қатыстырылып, кемінде үш өңір қамтылды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда алты тауар тобы міндетті түрде таңбаланады. Олар: темекі өнімдері, аяқ киім, дәрілік заттар, мотор майлары, киік дериваттары, сыра және сыра сусындары. Сонымен қатар медициналық мақсаттағы бұйымдар, өсімдік майлары, тұрмыстық химия, газ баллондары және ағаш сүректерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылу сатысында. Ағымдағы жылдың соңында жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен зергерлік бұйымдарды міндетті таңбалауды енгізу жоспарланып отыр.

 Бұған дейін 2026 жылғы ақпаннан бастап Қазақстанда мотор майларын міндетті цифрлық таңбалау енгізілетіні хабарланды. Сонымен қатар сыра нарығы цифрлық бақылауға көшіп, таңбалау бизнес пен бюджетке не беретіні түсіндірілді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.