Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық офистің кезекті отырысында квазимемлекеттік секторды қысқарту және 2026–2030 жылдарға арналған оңтайландыру жоспарын іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды QazMonitor.
Үкімет осы кезеңде 473 нысанды жекешелендіруді көздеп отыр. Биыл жекешелендірудің жол карталарын әзірлеу басталды. Онда қызметті реттеу шарттарын өзгерту, тариф қалыптастырудың ынталандырушы әдістемесін енгізу, айқаспалы субсидиялауды кезең-кезеңімен жою, тарифтік реттеуді орталықсыздандыру, сондай-ақ нарықтарды мемлекеттік қатысусыз тұрақты жұмысқа дайындау шаралары қарастырылған.
Сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдар балансындағы мүлік ықтимал жекешелендіру тұрғысынан талданып жатыр.
Алайда жоспар бекітілгеннен кейін бірқатар әкімдіктер жекелеген нысандарды тізімнен шығару туралы ұсыныстар жолдай бастаған. Қазіргі уақытта 28 объектіге қатысты 5 өтініш келіп түскен, олардың арасында Батыс Қазақстан облысы – 2, Ұлытау облысы – 2, Қостанай облысы – 20, Астана – 1, Алматы – 3 нысан бар.
Алып тастау ұсынылғандардың ішінде бәсекелі нарықтарда жұмыс істейтін стоматологиялық клиникалар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері бары хабарланды.
Ұлттық офис мәліметінше, жоспар тауар нарықтарын талдау және Бәсекелестік кодексі 192-бабы талаптары негізінде қалыптастырылған. Құжат мүдделі мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымын көрсетеді.
Ұлттық офис нысандарды бақылаусыз алып тастау жүйелік тәуекелдерге әкелуі мүмкін екенін ескертті. Атап айтқанда бәсекелі нарықтарда мемлекеттің қатысуын сақтау, жеке инвесторлардың кіруін тежеу, ШОБ дамуын шектеу және инвесторлар сенімінің төмендеуі мүмкін.
Осыған байланысты жекешелендіру барысына мониторинг күшейтілетінін ескертті. Енді мемлекеттік органдарды ай сайын тыңдау форматына көшу, мерзімдерді созу фактілерін тіркеу және басқарушылық шаралар қабылдау үшін ақпаратты Президент Әкімшілігіне жолдау жоспарланған.