Ғылым бүгінде тек теориялық ізденіс емес, ол – энергетикалық қауіпсіздік, экологиялық тұрақтылық және технологиялық дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Бұл бағытта қазақстандық зерттеушілер де халықаралық ғылыми кеңістікте өз үлесін қосып келеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Бүгінгі материалдың кейіпкері – Тимур Серіков, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті физика және нанотехнологиялар кафедрасының профессоры, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор.
Білім жолы: инженерліктен нанофизикаға дейін
Тимур Маратұлы 2009 жылы аталған университетті «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесімен аяқтаған. Кейін 2012 жылы «Физика» бағыты бойынша магистр атанып, 2017 жылы осы салада PhD ғылыми дәрежесін қорғады.
Ғылыми тәжірибесін тереңдету мақсатында 2019-2020 жылдары ол М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде постдокторантурадан өткен.
Ғылыми қызметі және академиялық рөлі
Ғалым еңбек жолын 2017 жылы бастап, бүгінде туған университетінде профессор ретінде ғылыми-педагогикалық қызмет атқарып келеді. Ол «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2020» атағының иегері.
Сонымен қатар ол бірқатар маңызды академиялық қызметтерді қатар атқарады: PhD диссертациялық кеңестің төрағасы, Жас ғалымдар кеңесінің жетекшісі, сондай-ақ ұлттық ғылыми саясатты қалыптастыруға қатысатын кеңестердің мүшесі.
Ғылыми бағыты: фотокатализ және сутегі энергетикасы
Тимур Серіковтің негізгі зерттеу бағыты – фотокатализ және бояғышпен сенсибилизацияланған күн элементтеріне арналған наноматериалдар. Оның жетекшілігімен 2019 жылдан бері титан диоксиді мен графен негізіндегі наноқұрылымдар, сондай-ақ перовскиттер мен бірөлшемді нанокомпозиттерді әзірлеу бойынша жобалар жүзеге асырылып келеді.
Бұл зерттеулердің басты мақсаты – суды фотокаталитикалық ыдырату, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық таза технологияларды дамыту.
Халықаралық ынтымақтастық
Ғалымның зертханалық жұмыстары халықаралық деңгейде де жалғасып келеді. Ол Рига техникалық университеті және М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті сияқты жетекші ғылыми орталықтармен бірлескен жобаларға қатысады. Бұл тәжірибе жас ғалымдарды даярлау мен заманауи зерттеу инфрақұрылымын дамытуға жол ашуда.
«Жасыл» энергетика және сутегі болашағы
Ғалымның ғылыми еңбектері бүгінде «жасыл» энергетика, сутегі технологиялары және экологиялық қауіпсіздік бағыттарында ерекше маңызға ие. Әлемде АҚШ, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдер сутегі энергетикасын стратегиялық бағыт ретінде дамытып жатса, Қазақстан да бұл үдерістен қалыс қалмай отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін қойғаны бұл саланың маңызын одан әрі арттыра түсті.
Ғылым мен практиканың тоғысы
Ғалымның зерттеулері сутегімен жүретін көлік технологиялары, отын элементтері, экологиялық мониторинг және жаңартылатын энергия көздері саласында қолданылуы мүмкін. Бұл бағыттар отандық ғылымның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, жаңа технологиялық буынның қалыптасуына ықпал етеді.
Тимур Серіков – заманауи ғылым мен технология тоғысындағы бағыттарды дамытып жүрген жас зерттеушілердің бірі. Оның еңбектері Қазақстандағы сутегі энергетикасы мен нанотехнологиялар саласының болашағына тікелей әсер етіп, ғылыми кадрлар даярлау ісіне де үлес қосып келеді.