ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі прокуратураның үйлестіруімен Қаржы министрлігіне қарасты «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасын ұстады. Ол лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды QazMonitor комитетке сілтеме жасап.
Тергеу нұсқасына сәйкес, экс-басшы кепіл мүлкін сатудан түскен қаражатты қорға аударудың орнына жекеменшік иесіне ұстап қалуға заңсыз мүмкіндік берген. Соның салдарынан мемлекетке 11,4 млрд теңге залал келген.
Бұдан бөлек, мемлекеттік мүлік төмендетілген бағамен сатылып, бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражат түспей қалғаны айтылды.
Сонымен қатар, құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілдегі жер телімдерін сатқан борышкер компанияның меншік иесі мен оның сыбайластары да ұсталды. Бұл әрекеттерден қорға шамамен 800 млн теңге шығын келтірілген.
Сот санкциясымен күдіктілер Қылмыстық кодекстің 190 және 361-баптары бойынша қамауға алынып, олардың мүлкіне тыйым салынды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.