Қарағандылық 17 жастағы шахматшы Даниял Сәпенов Ақтөбеде өткен халықаралық Aktobe Open турнирінде сәтті өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанды әрі халықаралық гроссмейстер нормасын орындады. Қазақстандағы ең беделді рейтингтік жарыстардың бірі саналатын турнирге әлемнің әр түкпірінен келген мықты шахматшылар қатысты. Бұл туралы Қарағанда облысының әкімдігі хабарлады.
Турнир барысында Даниял тоғыз партия өткізді. Оның төртеуінде жеңіске жетіп, бесеуін тең нәтижемен аяқтады. Ең бастысы – бірде-бір рет жеңілген жоқ. Оның қарсыластары қатарында үміткерлер турнирінің қатысушылары, халықаралық дәрежедегі чемпиондар мен гроссмейстерлер болды. Қарағандылық шахматшы Еуропа чемпионы Алексей Сарананы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Денис Махнёвті және румыниялық гроссмейстер Александр Мотылевті жеңді.
Даниял Сәпенов халықаралық гроссмейстер нормасын орындап қана қоймай, бұл межеден айтарлықтай басымдықпен өтті.
«Бүгінде оның рейтингі 2500 ұпайлық межеге жақындап қалды. Көптеген шахматшылар үшін дәл осы көрсеткіш гроссмейстер атағына апарар жолдағы ең күрделі белестердің бірі саналады. Алайда мұндай турнирден кейін Даниялдың дұрыс бағытта келе жатқаны анық байқалады», – деп жазды @ab_chess.
Даниял шахматпен жеті жасынан айналысады. Бала кезінен-ақ жоғары нәтижелер көрсете бастаған ол Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткеннен кейін белгілі гроссмейстерлердің жетекшілігімен жаттығу мүмкіндігіне ие болды.