Алатау қаласы «charter city» моделімен дамып, инвесторлар үшін салықтық және құқықтық дербестікке ие болмақ. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Парламентте Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды QazMonitor.
Жобаны әзірлеуге халықаралық сарапшылар тартылып, Шэньчжэнь, Дубай, Сингапур және Доха сияқты сәтті шыққан экономикалық аймақтардың тәжірибесі негізге алынған.
Вице-премьердің айтуынша, соңғы онжылдықта әлемде мыңнан астам арнайы аймақ құрылғанымен, олардың 60%-ы сәтсіз аяқталған. Сәтсіздіктің негізгі себептері — бюрократия, тәуелсіз соттың жоқтығы және салықтық тұрақсыздық. Алатау жобасында бұл қателіктер ескерілмек.
«Осыларды ескере отырып, Алатау қаласында да әкімшілік салық режимдерін бекіту, жеңілдіктерді және инвестициялық қолдаудағы дербестікті енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл әсіресе Қазақстанда әлі толық енгізілмеген жаңа салалар үшін маңызды», деді Қанат Бозымбаев.
Алатау қалай басқарылады?
Қалада Alatau City Authority атты жаңа мемлекеттік орган құрылады. Оның стратегиялық бағытын Премьер-министр басқаратын Кеңес айқындаса, күнделікті әкімшілік жұмысқа Бас атқарушы директор (CEO) жауапты болады. Ал дәстүрлі әкімдік пен мәслихат тек әлеуметтік және коммуналдық мәселелермен айналысады.
Қала дамуының 7 негізгі бағыты:
1. Дербес басқару: Стратегиялық шешімдерді Премьер-министр жанындағы Кеңес қабылдайды.
2. Инвестициялық кепілдік: Инвесторлар өз құқықтарын Астана қаржы орталығының (АХҚО) сотында немесе халықаралық арбитражда қорғай алады.
3. Тұрақты салықтар: Жеңілдіктер тек экспортқа бағытталған және инновациялық жобаларға беріледі. Барлық жеңілдіктер мен инвесторлардың міндеттемелері ашық түрде жарияланатын болады.
4. Бюджеттік тәуелсіздік: Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болады.Қала өзін-өзі қамтамасыз еткенше, оның қаражаты басқа бюджеттерге алынбайды.
5. Ұзақ мерзімді жоспар: Стратегиялық құжаттар 30 жылға қабылданады және оларға 5-10 жыл бойы өзгеріс енгізуге тыйым салынады.
6. Жер қатынастары: Жер қатынастары арнайы режим арқылы реттеледі. Қаланың жер қоры қалыптастырылады. Жер телімдері нақты инвестициялық міндеттемелер (бизнес-лицензия) негізінде беріледі.
7. Цифрлық экожүйе: Барлық қызметтер цифрлық форматта болады, тіпті криптобиржа мен токенизация мүмкіндіктері қарастырылған.
Алғашқы инвесторлар және болжам
Қазірдің өзінде жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын 44 инвестициялық жоба іріктелген. Олардың қатарында Mars, PepsiCo, Hyundai Green Food сияқты трансұлттық алпауыттар мен кореялық KAIST технологиялық университеті бар. Бұл жобалар 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс.
Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, егер барлық жоспарланған тетіктер тиімді жұмыс істесе, 2050 жылға қарай Алатау қаласының өңірлік жалпы өнімі (ӨЖӨ) 50 млрд АҚШ долларына жетеді.