Мәжіліс педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты заңды, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды QazMonitor.
Құжаттар депутаттардың бастамасымен Мемлекет басшысының педагогтердің құқықтары мен мүдделерін заңнамалық деңгейде қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әзірленген.
Негізгі заңда педагогтердің білім алушылар үшін жауапкершілігі тек оқу процесі кезінде ғана болатыны нақты бекітілді. Ал балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты ата-аналардың жауапкершілігі кеңейтілді.
Сонымен қатар педагогтерге есептілікті бір мезгілде қағаз және электронды форматта жүргізуге тыйым салынды. Орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай қағидалары енгізіліп, мектеп оқушыларын ғылыми қызметке тарту бойынша әкімдіктер деңгейінде қосымша шаралар қарастырылды.
Үкімет бастамасымен заңға Қазақстан аумағында жетекші шетелдік университеттердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған құқықтық нормалар да енгізілді. Құжатқа сәйкес, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптары сақталған жағдайда ғана ашылады.
Түзетулердің тағы бір бөлігі жоғары медициналық білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған. Осыған байланысты интеграцияланған медициналық білім беру моделіне көшу ұсынылды. Жаңа модель 6 жылдық жоғары оқу орнындағы оқуды және 1 жыл толыққанды интернатурадан өтуді көздейді.
Оқу аяқталғаннан кейін түлектер медициналық практикамен айналысу құқығына ие болады, ал интернатура клиникалық тәжірибе кезеңіне айналады.