Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Қазақстанның «Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті» көрмесі Қытайда ашылды

Қазақстанның «Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті» көрмесі Қытайда ашылды

Ханчжоудағы көрмеде Қазақстанның Ұлттық музейінен әкелінген 279 бірегей археологиялық жәдігер ұсынылды

QazMonitor Logo
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қытайдың Ханчжоу қаласындағы Чжэцзян провинциялық музейінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті» атты көрмесі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды QazMonitor

Экспозицияға Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі және ортағасырлық көшпелі халықтардың тарихы мен мәдениетін танытатын 279 бірегей археологиялық жәдігер қойылған. Ашылу рәсіміне Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров, Ұлттық музей басшылығы, Қытай музейлерінің директорлары, ғалымдар мен археологтар қатысты.

Көрме үш тақырыптық бөлімнен тұрады. Онда қола дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын зергерлік бұйымдар, қару-жарақ, еңбек құралдары, керамика, торевтика және мата үлгілері ұсынылған. Экспозиция сақ, үйсін, ғұн, қаңлы және түркі тайпаларының мәдениетін, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың даму тарихын қамтиды.

Көрменің басты экспонаттарының қатарында Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» реконструкциясы, Қаңлы мемлекетінің ақсүйек әйелі мен ғұн жауынгерінің бейнелері бар. Сондай-ақ Шілікті қорғанынан, Жалаулы және Қарғалы қазыналарынан табылған алтын бұйымдар, Арыс өзені аңғары мен Күлтөбе қалашығынан алынған археологиялық олжалар, XIII–XIV ғасырларға жататын жібек маталар көрермен назарына ұсынылған.

Көрменің ашылуы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Чжэцзян провинциялық музейі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, Ұлы Жібек жолы ескерткіштерін зерделеуді, тәжірибе алмасуды және археологиялық экспедициялар ұйымдастыруды көздейді.

Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастық аясында және екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығына орай ұйымдастырылды.

«Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті» көрмесі Чжэцзян провинциялық музейінде 2026 жылдың 11 қазанына дейін жұмыс істейді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.