Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдарға арналған жаңа сервистік жүйе іске қосылды

Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдарға арналған жаңа сервистік жүйе іске қосылды

Пилоттық жоба аясында техникалық оңалту құралдары жөнделіп, уақытша баламасымен алмастырылады

QazMonitor Logo
Qazaqstan Monitor: Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдарға арналған жаңа сервистік жүйе іске қосылды

Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің жаңа сервистік моделі сынақтан өткізіліп жатыр, деп хабарлайды QazMonitor.

1 шілдеден бастап іске қосылған пилоттық жоба аясында техникалық құралдар тек беріліп қана қоймай, оларды жөндеу, сервистік қызмет көрсету және уақытша алмастыру жүйесі енгізілді.

Жобаның жұмыс тәртібін таныстыру үшін өңірге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Сырым Нәси келді.

Жаңа модельдің басты ерекшелігі – техникалық құрал істен шыққан жағдайда адамның көмексіз қалмауы. Өтініш түскеннен кейін мамандар құралды тексеріп, жөндеуді ұйымдастырады. Егер жөндеу мүмкін болмаса, азаматқа айырбастау қорынан уақытша жарамды техникалық құрал беріледі. Ал жаңа құрал рәсімделгенге дейін ол осы баламаны пайдалана алады. Бұл ретте қолданыстағы қамтамасыз ету тәртібі мен азаматтардың құқықтары өзгермейді.

«Пилоттық жоба Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – техникалық оңалту құралдарын жөндеу, қалпына келтіру және қайта пайдалану арқылы оларды қолданудың тиімді жүйесін қалыптастыру. Бұл азаматтарды қажетті құралдармен уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Сырым Нәси.

Жоба аясында өңірлерде техникалық оңалту құралдарын қабылдау, сервистік қызмет көрсету, жөндеу және қайта пайдалану жүйесі жолға қойылды. Олардың қатарына мүгедектер арбалары, жүріп-тұруға арналған құралдар, балдақтар және ерекше қажеттілігі бар адамдардың қозғалысы мен өзіне-өзі қызмет көрсетуіне арналған басқа да арнайы жабдықтар кіреді.

Қайтарылған барлық құралдар арнайы қабылдау пункттерінде санитарлық өңдеуден өткізіліп, жөнделеді және қауіпсіздігі тексерілгеннен кейін қайта пайдалануға беріледі. Бұл қажетті құралдарды күту уақытын қысқартып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Құралды беру, қайтару және жөндеу процестері толық цифрлық форматта сүйемелденеді.

Жоба аясында балаларға да ерекше назар аударылған. Егер техникалық құрал баланың бойына немесе физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келмесе, оны оңалту процесін тоқтатпай мерзімінен бұрын ауыстыру қарастырылған. Алғашқы кезеңде жоба мүгедектер арбалары мен жүріп-тұруға арналған құралдарды қамтиды. Кейін техникалық құралдардың тізімін кеңейту жоспарланып отыр.

Қарағанды облысында техникалық оңалту құралдарын қабылдау, қайтару және сервистік қызмет көрсету орталығы Қарағанды қаласындағы Роза Люксембург көшесі, 1А мекенжайында орналасқан. Жобаға қатысу ерікті негізде жүзеге асырылады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.