Қазақстанда әскери инженерия, ұшқышсыз технологиялар, робототехника және киберқауіпсіздік салаларын дамытуға бағытталған SHAIQAS-2026 республикалық чемпионаты басталды, деп хабарлайды QazMonitor.
Ауқымды жоба ұшқышсыз авиациялық жүйелерді әзірлеушілерді, жерүсті робототехникасы мамандарын, киберқауіпсіздік сарапшыларын және тактикалық дайындық бойынша кәсіби мамандарды бір алаңға жинады. Чемпионаттың негізгі мақсаты – қорғаныс саласына арналған озық инженерлік шешімдерді анықтап, оларды кейін Қазақстан Қарулы күштерінің қажеттілігіне енгізу, сондай-ақ әскери және азаматтық инженерлердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.
Алғашқы кезеңге еліміздің әр өңірінен 150 қатысушыдан құралған 19 инженерлік команда тіркелді. Олардың қатарында әскери оқу орындарының, жоғары оқу орындарының, инженерлік мектептердің, қорғаныс-өнеркәсіп кәсіпорындарының және Қарулы күштер бөлімшелерінің өкілдері бар.
Чемпионаттың ашылу рәсімінде Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев бұл бастаманың елдің қорғаныс әлеуетін күшейтудегі маңызын атап өтті.
«SHAIQAS-2026 – бұл жай ғана жарыс емес. Бұл – дарынды әзірлеушілерді анықтап, отандық инженерлік шешімдерді қорғаныс жүйесіне енгізуге мүмкіндік беретін жоба. Осындай технологиялар қазіргі заманғы армияның болашағын айқындайды», – деді ол.
Қазір полигонда тестілік кезең өтіп жатыр. Бұл кезеңде командалардың техникалық әзірлемелері, жабдықтарының жұмысқа қабілеттілігі мен кәсіби дайындық деңгейі бағаланады. Нәтижесінде финалға шығатын үздік командалар анықталады.
Чемпионат төрт бағыт бойынша ұйымдастырылған: «Аспан», «Жер», «Киберқауіпсіздік» және «Тактика». Қатысушылар FPV-дрондарды басқару, әуе барлауын жүргізу, роботтандырылған кешендермен инженерлік тапсырмаларды орындау, кибершабуылдарға қарсы тұру, сондай-ақ тактикалық және әскери-медициналық дайындық бойынша сынға түседі.
Финалдық кезең 14-15 тамызда «Амандық» оқу орталығында өтеді. Финалистер далалық жағдайда практикалық тапсырмаларды орындап, өздерінің техникалық шешімдері мен кәсіби шеберлігін көрсетеді. Жарыс онлайн режимде тікелей эфирде көрсетіледі.
Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 18 млн теңге. Бірінші орынға – 10 млн теңге, екінші орынға – 5 млн теңге, үшінші орынға – 3 млн теңге беріледі.
Жобаның бастамашысы – «Қазақстан ҒАЖ орталығы» АҚ, ал операторы – «Қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы инновацияларды дамыту орталығы» ЖШС (Defense Tech). Чемпионат демеушілер мен серіктестердің қаражаты есебінен ұйымдастырылып жатыр, оны өткізуге Қорғаныс министрлігінің бюджет қаражаты пайдаланылмайды.