Қазақстан экономикасында мұнай-газ секторынан кейінгі іргелі әрі стратегиялық салалардың бірі металлургия болып табылады. Сала жыл сайын еліміз қазынасына миллиардтаған доллар экспорттық табыс әкеліп қана қоймай, өнеркәсіп өндірісінің өрге сүйреп келеді.
Соңғы жылдары жаһандық экономика жасыл энергетикаға бет бұруы, электр көліктерін өндірудің дамуы, аккумулятор өндірісінің артуы және сирек металдарға сұраныстың артуы Қазақстанның тау-кен металлургия кешені үшін жаңа мүмкіндіктер тудырды. Алдағы онжылдықта дәл осы факторлар саланың даму бағытын айқындайтын негізгі драйверлердің біріне айналады деп болжайды сарапшылар.
Экономиканы өрге сүйреуші сала
Еліміз табиғи ресурстар қоры бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірін иеленеді. Қазақ жерінің астында темір кені, мыс, хром, марганец, қорғасын, мырыш, алюминий шикізаты, титан және басқа да сирек металдардың мол қоры жатыр. Осы минералдық-шикізат қоры елімізде тау-кен металлургия кешенін қалыптасуына тірек болып отыр. Бүгінде металлургия өнеркәсіп өндірісінің 40%-ға жуығын, өңдеуші өнеркәсіп өнімінің 45%-дан астамын қамтамасыз етеді. Саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 8-10% аралығында.
Еліміз қара және түсті металл өнімдерін әлемнің ондаған еліне экспорттайды. Қара металды Қытай, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Италия, Нидерланд, Германия, Румыния, Польша, Қырғызстан сатып алып отыр. Қазақстан әлемдегі жетекші экспорттаушы болып табылатын ферроқорытпа экспорттың көп бөлігін құрайды. Мыс негізінен Қытай мен Еуропаға, алюминий – Түркия, Италия, Грекия, мырыш пен қорғасын – Қытай мен Еуропа, алтын пен бағалы металдар - Швейцария елдеріне жөнелтілуде.
Металлургия шетелдік инвестиция тартушы салалар ішінде алдыңғы орында тұр. Qarmet, ERG, KAZ Minerals, Kazakhmys, Kazzinc сияқты ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға және жаңа кен орындарын игеруге миллиардтаған доллар инвестиция құйып отыр.
Саланың алда тұрған міндеттері
Еліміз металл өнімдерінің едәуір бөлігін әлі де бастапқы өңдеу деңгейінде, яғни халықаралық нарыққа көбіне концентрат, катод немесе жартылай дайын өнім шығарылады. Ал жоғары қосылған құны бар машина жасауға арналған металл өнімдері, арнайы қорытпалар немесе дайын өнеркәсіптік бұйымдардың үлесі әлі де төмен.
Екінші маңызды мәселе – энергия шығындарының жоғарылығы. Металлургия электр энергиясын ең көп тұтынатын сала ретінде электр тарифтері мен генерация қуаты кәсіпорындардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар Еуропалық одақ енгізіп жатқан көміртек реттеу тетігі (CBAM) қазақстандық экспорттаушыларды өндірісті экологиялық жаңғыртуға мәжбүрлейді. Сондықтан алдағы жылдары энергия тиімділігін арттыру, көміртек шығарындыларын азайту, цифрлық технологияларды енгізу және ESG стандарттарына көшу металлургия кәсіпорындарының негізгі басымдығына айналмақ.
Сарапшылардың бағалауынша, алдағы онжылдық Қазақстан металлургиясы үшін шешуші кезең болмақ. Әлемдік жасыл экономикаға көшу мыс, титан, ферроқорытпа және сирек металдарға сұранысты бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізуі мүмкін.