Ордабасы ауданында музыка өнері мектебінің салтанатты ашылуы өтті. 300 оқушыға арналған мектеп қайтарылған активтердің қаржысына салынды.
«Біз көктемде құрылысты бастап, уақыт капсуласын салдық, ал бүгін, небәрі сегіз айдан кейін, құрылыс жұмыстарының қаншалықты жылдам және сапалы аяқталғанына куә болып отырмыз», – деді ашылу салтанатына қатысқан Бас Прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков.
Заманауи талаптарға сай салынған жаңа білім беру мектебі балаларға сапалы музыкалық білім алуға мүмкіндік береді, дарынды балаларды халықаралық конкурстарға даярлауға жағдай жасайды, сондай-ақ өңірдің мәдени әлеуетін нығайтады.
Мектепте домбыра, қобыз, фортепиано және басқа да музыкалық аспаптарды үйретуге арналған заманауи, арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған.
Қазіргі уақытта қайтарылған активтер есебінен Үкіметпен еліміздің түрлі өңірлерінде 434 әлеуметтік нысан іске асырылуда, олардың 30-ы Түркістан облысында орналасқан.