Алматы облысында өнеркәсіптің аймақтық өнімдегі үлесі 25%-дан асты, салада 56 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өндіріс көлемінің нақты индексі 108,7% болып, республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары нәтиже көрсетті.
«Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 2 трлн 110,7 млрд теңгені құрады. Оның 90 пайызы – өңдеу өнеркәсібінің үлесі, бұл Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады», делінген облыс әкімдігінің ақпаратында.
Өңірдің азық-түлік өндірісінде – шырын, балмұздақ, ірімшік, алкогольсіз сусындар, шарап және коньяк өнімдері бойынша жетекші орынға ие. Темекі индустриясында да облыс елдегі жалғыз өндіріс орталығы саналады. 2025 жылы KT&G компаниясының жаңа темекі фабрикасы іске қосылды. Бұдан бөлек, облыс гипсокартон, сэндвич-панельдер, болат құбырлар және профильдер шығару бойынша өз позициясын күшейтіп келеді.
Инвестициялық жобалар да аймақтың өндірістік әлеуетін арттырып отыр. Lay’s чипстерін шығаратын Орталық Азиядағы ең ірі зауыттың құрылысы жүріп жатыр, жоба құны – 71 млрд теңге, өндірісте жергілікті шикізат пайдаланылады. Сонымен қатар LC Waikiki 30 млрд теңгеге көтерме-тарату орталығын салып жатыр. Qazaq Global Food 16,5 млрд теңгелік жеміс-жидекті терең өңдеу зауытын іске қосты. Бұл жобалар импортты алмастыру мен экспортты кеңейтуге бағытталған.
«Статистикаға сәйкес, өңдеу өнеркәсібінің экспорты 618,5 млн долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 28,5 пайызға артқан. Әсіресе сусындар, азық-түлік, темекі, қағаз, химия, пластмасса және құрылыс материалдарының экспорты айтарлықтай өскен», деп қосты әкімдікте.
Өңірдегі табысты кәсіпорындардың бірі Кайнар ауылдық округіндегі TTS Global Groups компаниясы. 2022 жылы құрылған компания сылақ, шпаклевка, тақтай желімі және басқа да 35-тен астам құрылыс қоспасын шығарады. Автоматтандырылған желілердің қуаттылығы жылына 3,7 млн қаптан асады. Жаңа түрік жабдығы сағатына 30–35 мың тонна қоспа шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 70 адам жұмыс істейді, өндіріс кеңейген сайын жаңа жұмыс орындары ашылады. Компания алдағы жылы ақ түсті құрылыс материалдарын өндіретін жаңа зауыт салуды жоспарлап отыр.
Дереккөз: Алматы облысы әкімдігі