Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан май өнімдері экспортын 2028 жылға қарай 1 млрд долларға жеткізуді көздейді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 11 желтоқсан, 2025 | 18:19
1 минут - оқу уақыты

Қазақстан май өнімдері экспортын 2028 жылға қарай 1 млрд долларға жеткізуді көздейді

Астанада 2026-2028 жылдарға арналған май өнеркәсібі экспортын дамыту жөніндегі Жол картасы таныстырылды

QazMonitor Logo
ҚР Сауда және интеграция министрлігі
ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Астанада мемлекеттік органдар, қайта өңдеуші кәсіпорындар, экспорттаушылар, бизнес-қауымдастықтар және халықаралық ұйымдар қатысқан дөңгелек үстелде 2026-2028 жылдарға арналған Қазақстанның май өнімдері экспортын дамыту жөніндегі Жол картасы таныстырылды. Құжаттың негізгі мақсаты – май өнеркәсібі өнімдерінің жылдық экспортын 1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту.

Жол картасы Еуропалық одақ қаржыландыратын «Ready4Trade – Транскаспий көлік дәлізі арқылы өркендеуге жол» жобасы аясында әзірленді. Құжатты дайындауға Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы, «QazTrade» АҚ және Халықаралық сауда орталығы (ITC) қатысты. Бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген өңдеу үлесін арттыру және дайын өнім экспортын ұлғайту міндеттерімен үйлеседі.

Жол картасының дайындалу кезеңіндегі зерттеулер мен сараптамалық жұмыстың маңызы туралы ЕО делегациясының өкілі Йоханнес Бауэр:

«Бүгінгі іс-шара маңызды кезеңді білдіреді. Соңғы бір жыл ішінде Қазақстанның мемлекеттік институттары, жеке сектор өкілдері және ITC сарапшылары салалық диагностиканы, компаниялар арасында сауалнаманы және бірнеше кеңес беру кезеңдерін өткізді. Соның нәтижесінде бүгін біз валидациядан өткізіп отырған, бірлескен әрі негізделген Жол картасы әзірленді. Бұл Жол картасы, ең алдымен, ұлттық құжат болып табылады. Ол Қазақстан тарапынан әзірленіп, қалыптастырылған және соған тиесілі. Ал Еуропалық Одақ ITC-мен бірге бұл процесті қолдағанын мақтан етеді».

Құжатта алдағы үш жылға арналған негізгі міндеттер айқындалған. Қазақстанда шикізат тапшылығын азайту, агротехнологияларды енгізу, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, майлы дақылдарды сақтау және қабылдау жүйесін дамыту, фермерлер мен өңдеушілерге қаржылық қолдау жасау, сондай-ақ егістік алқаптарын әртараптандыру жоспарланып отыр.

Қазақстан май өнеркәсібі қазіргі таңда экспорттық әлеуетін күшейтіп келеді. Еліміз күнбағыс майын әлемдік нарықта белсенді экспорттап, күнбағыс күнжарасын Еуропалық одаққа жеткізетін негізгі елдердің қатарында. Сонымен қатар қазақстандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам елінде сатылады.

Жол картасын әзірлеуге сауда және интеграция министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігі, көлік министрлігі, «QazTrade», «ҚТЖ» АҚ, «Бәйтерек» холдингі, салалық қауымдастықтар және халықаралық әріптестер қатысты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Жол картасында көзделген шараларды іске асыру үшін мемлекеттік–жекеменшік платформа құру жоспарланып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.