Қазақстан Республикасы мен Катар Мемлекеті қазақстандық жұмыскерлердің Катарда еңбек етуін реттеу туралы үкіметаралық келісімнің күшіне енгенін растады. Қатардың Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы аталған құжат бойынша барлық мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны жөнінде ресми хабарлама жолдады.
Келісімге 2024 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысының Дохаға ресми сапары барысында қол қойылған. Ал 2025 жылы құжатты ратификациялау туралы заң жобасын Қазақстан Парламентінің қос палатасы мақұлдап, 20 қазанда Президент қол қойды.
Құжат Қазақстан азаматтарының Катарда қауіпсіз, ашық және заңды негізде жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған. Келісім аясында мамандарды іріктеу, біліктілігін тексеру, еңбек шарттарын жасасу тәртібі нақты айқындалған.
Сонымен қатар қазақстандық жұмыскерлерге үлгілік еңбек шарты негізінде ұшу шығындарын, тұрғын үй мен медициналық қызметті төлеу, еңбек пен демалыс режимі, сыйақы төлеу шарттары және еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзған жағдайда құқықтарын қорғау кепілдіктері қарастырылған.
Келісімнің орындалуын бақылау үшін Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Катардың Еңбек министрлігі өкілдерінен тұратын Бірлескен комитет құрылады. Ал Катар жұмыс берушілері ұсынатын барлық бос жұмыс орындары migration.enbek.kz порталында жарияланатын болады.
Қазіргі таңда еліміздің салалық министрлігі Корея Республикасы, Сауд Арабиясы, БАӘ, Жапония, Еуропаның бірқатар елдерімен еңбек миграциясын реттеу және еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау бойынша ұқсас келісімдер жасасу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандықтардың саны 156,7 мың адамды құрайды. Олардың басым бөлігі Ресей Федерациясында, Корея Республикасында, Польшада және Ұлыбританияда жұмыс істейді.