«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен оның еншілес ұйымдарында Vanguard AI жобасын енгізу аясында ҚР Энергетика министрлігінің өкілдері OPTI Well цифрлық платформасын әзірлеуші RECADO компаниясымен бірлесіп Құмкөл кен орнына барды.
Іссапар барысында жұмыс істеп тұрған ұңғымаларда цифрлық шешімдердің нақты өндірістік жағдайда қалай қолданылып жатқаны көрсетілді. Ерекше назар елімізде толық әзірленіп, өндірілген отандық өнім – ұңғымалық контроллерге аударылды. Жобаны іске асыру ұлттық технологиялық құзыреттерді дамытуға және мұнай-газ саласындағы қазақстандық мазмұн үлесін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Өндіріс өкілдері OPTI Well цифрлық платформасының ұңғымаларды нақты уақыт режимінде қашықтан бақылау және басқару мүмкіндіктерін таныстырды. Жүйе технологиялық параметрлерді талдауға, пайдалану режимдерін оңтайландыруға, мұнай өндіру көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірістік нысандарға жиі баруды қажет етпей-ақ штаттан тыс жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бірыңғай цифрлық интерфейс арқылы орталықтандырылған басқару шешім қабылдау жеделдігін арттырып, өндірістік және апаттық тәуекелдерді азайтады. Бұл еңбек және материалдық ресурстарды тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
Сапар кезінде жүйенің нақты өндірістік жағдайларда тиімділігін дәлелдейтін кейстер ұсынылды. Платформа жұмыс режимдерінен ауытқуларды автоматты түрде анықтап, жауапты мамандарды дер кезінде хабардар ету арқылы өндірістік шығындарды қысқартуға ықпал етеді.
Дереккөз: ҚР Энергетика министрлігі