2025 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1149 өтініш түсті.
Тұрғындар негізінен сапасыз тауарларды сату, тауарды қайтару мен айырбастаудағы қиындықтар, тұрмыстық қызметтердің сапасыз көрсетілуі туралы шағымданған. Онлайн-саудадағы тауар сипаттамасына сәйкес келмеуі және жеткізудің кешігуі секілді мәселелер жиі кездеседі.
Департамент басшысы Асхат Сағидолдиннің айтуынша, биыл тұтынушыларға жалпы 37 млн теңге қайтарылған, 37 тексеру жүргізіліп, 18 әкімшілік айыппұл салынған, 22 нұсқама мен 2 ескерту берілген, сондай-ақ 12 сот процесіне қатысқан.
Азық-түлік бағасын бақылауға ерекше көңіл бөлінді. Нәтижесінде 182 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдардың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асты. Бағаны тұрақтандыру үшін «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы форвардтық сатып алу тетігі іске қосылып, тұрғындар өнімдерді белгіленген бағамен ала алады.
Онлайн-сауданың дамуына байланысты маркетплейстерге шағымдар көбейген, сол себепті «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» жаңа заң жобасы әзірленуде. Ол кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуді, тұтынушылардың құқықтарын кеңейтуді және омбудсмен институтын енгізуді қарастырады.
Дереккөз: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі