Елордада әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қалада мектептер, балабақшалар, оқушылар сарайлары, медицина және спорт нысандары кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде.
«Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша рекордты көлемде мектеп салынып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 66 мың оқушыға арналған 24 оқу орны ашылды. Осы 24 мектептің 16-сы Мемлекет басшысының «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Жаңа оқу жылының басынан бері тағы 9 мектеп өз жұмысын бастады. Ал келесі жылы тағы 12 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр», – деді Астана қаласының әкімі.
Сонымен қатар мемлекеттік балабақшалар салу қайта жанданды. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 4 балабақшаны іске қосу көзделсе, келесі жылы тағы 5 балабақша ашу жоспарланған. Олардың бір бөлігі жекеменшік сектордың қатысуымен жүзеге асырылады.
Президент тапсырмасына сәйкес қосымша білім беру нысандарының желісі де кеңейіп келеді. Қазіргі таңда Мұхамедханов көшесіндегі TANYM Оқушылар сарайы ашылуға дайын. Ал келесі жылы Ақан сері және С189 көшелерінде орналасқан екі TANYM Art Оқушылар сарайы, сондай-ақ М.Төлебаев көшесіндегі TANYM Sport нысаны пайдалануға берілмек.
Дереккөз: Астана қаласының әкімдігі