Алматыда IT, жасанды интеллект және технологиялық бизнесті дамытуға арналған Almaty AI Hub және Almaty AI Park жобалары жүзеге асырылып жатыр. Екі жоба да білім беру, ғылыми зерттеу, стартаптарды қолдау және технологиялық компанияларды бір экожүйеге біріктіруге бағытталған, деп хабарлайды QazMonitor Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.
Көктем-3 шағынауданында Almaty AI Hub құрылып жатыр. Аумағы 9,4 мың шаршы метрден асатын ғимарат қайта жаңғыртылып, 556 жұмыс орны бар көпфункционалды орталыққа айналады.
Мұнда IT және ЖИ компанияларына, стартаптар мен әзірлеушілерге арналған кеңселер мен коворкингтер, білім беру алаңдары, конференц-залдар және іс-шара өткізу орындары орналасады. Хаб құрамына жасанды интеллект мектебі мен AI Campus инфрақұрылымы кіреді. Сонымен қатар робототехника бойынша демонстрациялық және оқу алаңдарын құру жоспарланған.
Екінші жоба – 4,9 гектар аумақта орналасатын Almaty AI Park. Кешеннің жалпы ауданы шамамен 76 мың шаршы метр болады. Жобаны екі кезеңмен іске асыру көзделген: бірінші кезеңі 2027 жылғы желтоқсанда, екінші кезеңі 2028 жылғы желтоқсанда аяқталуы тиіс.
Almaty AI Park-та ғылыми-зерттеу және ЖИ зертханалары, технологиялық компаниялардың кеңселері, коворкингтер, акселератор мен бизнес-инкубатор орналасады. Сонымен қатар мамандар даярлайтын университет ашу жоспарланып отыр.
Стартаптарға жобаларын дамытуға, таныстыруға және инвесторлармен кездесуге арналған арнайы кеңістіктер беріледі. Ал зертханалар жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеп, сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.
Осылайша, екі жоба да мамандар даярлау, ғылыми зерттеу жүргізу, стартаптарды іске қосу және технологиялық компанияларды дамытуға арналған бірыңғай инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.