Жоғары аудиторлық палата «Электрондық қаржы орталығы» АҚ қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын жариялады. Тексеру мемлекеттік қаржы саласындағы ақпараттық жүйелерді дамыту мен сүйемелдеу жұмыстарына қатысты жүргізілген.
Аудит барысында стратегиялық басқаруда бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, 2023–2024 жылдарға арналған даму жоспарларының орындалуы бойынша есептілік болмаған, жекелеген көрсеткіштер орындалмаған, ал ішкі аудит қызметінің іс-шаралары толық жүзеге асырылмаған.
Бюджет процесінің интеграторы ретіндегі ЭҚО қызметі жалпы қанағаттанарлық деп бағаланғанымен, ішкі нормативтік құжаттардың уақытылы жаңартылмауы жұмыс тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Сонымен қатар қызметтер құнын есептеу кезінде әртүрлі тәсілдердің қолданылғаны анықталды. Аудиторлар баға белгілеу тәуекелдерін азайту үшін баға сараптамасын жүргізіп, жұмыстар мен қызметтерді бөлек есепке алуды ұсынды.
Ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмаған. Бірқатар ақпараттық жүйелерде негізгі қауіпсіздік талаптары сақталмаған, ал кейбір жүйелер ресми түрде тәжірибелік пайдалану сатысында тұрса да, толық көлемде қолданылып келген. Сондай-ақ «Электрондық мемлекеттік сатып алу» жүйесіне техникалық өзгерістер енгізудің 600-ден астам дерегі тіркелді.
Аудит қорытындысы бойынша 566 млн теңгеге қаржылық бұзушылық, ал қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану көлемі 13,5 млрд теңгені құрады. Анықталған мәселелерге байланысты Жоғары аудиторлық палата тиісті ұсынымдар беріп, олардың орындалуын бақылауға алды.
Дереккөз: ҚР Жоғары аудиторлық палатасы