Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады.
Президентке холдингтің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары, сондай-ақ инвестициялық холдингке трансформациялау барысы мен экономикалық дамудың стратегиялық басымдықтарын іске асыру жөніндегі жұмыс туралы баяндалды. Рустам Қарағойшиннің айтуынша, холдинг тарапынан экономиканы қолдаудың жалпы көлемі 9 трлн теңгені құраған.
Бұл қаражат кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді, тұрғын үй құрылысы мен ипотекалық несиелеуді қолдауға бағытталған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қаржыландыру құралдары арқылы еліміз бойынша шамамен 25 мың жоба қамтылған.
Сондай-ақ «Даму» қоры базасында құрылған кепілдік қорлардың қызмет нәтижелері туралы ақпарат берілді. Аталған қорлар шағын және орта бизнестің жобаларын, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылым саласындағы ірі инвестициялық бастамаларды қолдауға бағытталған.
Кездесу барысында инвестициялық холдингтің жұмыс моделі таныстырылды. Бұл модель инвестицияларға «тапсырыс» қалыптастыруды, ірі стратегиялық жобаларды сүйемелдеуді және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту тетіктерін дамытуды көздейді. Қазіргі таңда жалпы құны шамамен 87 трлн теңгені құрайтын 1,5 мың инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған.
Президент инвестицияларды белсенді тартудың және экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингіне басым инвестициялық жобаларды одан әрі іске асыруды және экономикаға ұзақ мерзімді капитал тартуды қамтамасыз етуді тапсырды.
Дереккөз: Ақорда