Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. 2026 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері қанша болады?

2026 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері қанша болады?

Базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 60 мың теңгеден асады, әлеуметтік төлемдер инфляция деңгейіне индекстеледі

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

2026 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақылардың барлық негізгі түрі 10%-ға индекстеледі. Бұл норма «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда көзделген және ҚР Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне негізделген.

Құжатқа сәйкес, базалық және ынтымақты зейнетақылар, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өседі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру саясаты жалғасады. Атап айтқанда, 2023 жылдан бері бес жыл ішінде оның ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғарысы 120%-ына дейін жеткізілуі тиіс.

«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін артып, 60 005 теңгені құрайды», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

Мысал ретінде, 2019 жылы зейнетке шыққан 70 жастағы азаматтың бюджеттен төленетін зейнетақысы 2025 жылы 171 588 теңгені құрады. Индекстеуден кейін 2026 жылы оның жиынтық зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін өседі. Оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге. Министрлік бұл сомаға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін төлемдер кірмейтінін атап өтті.

Әлеуметтік қолдау шаралары аясында мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де ұлғаяды. Атап айтқанда, бір реттік бала туу жәрдемақысы алғашқы үш бала үшін 164 350 теңгеге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңгеге дейін өседі. Көпбалалы отбасыларға төленетін ай сайынғы жәрдемақы да бала санына қарай қайта есептеледі: төрт баласы бар отбасылар үшін төлем 69 330 теңгеге, ал 10 баласы бар жанұялар үшін 173 мың теңгеге дейін жетеді.

Мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақылар да индекстеледі. I топтағы мүгедектігі бар адамдарға төленетін төлем 111 872 теңге, II топтағыларға – 89 498 теңге, III топтағыларға – 61 021 теңге болады.

Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер де 10%-ға артады. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде беріледі.

Айта кету керек, МӘСҚ төлемдерінің нақты мөлшері әр азамат үшін жеке есептеледі. Ол соңғы екі жылдағы орташа табысқа, әлеуметтік аударымдар көлеміне, еңбек ету қабілетін жоғалту деңгейіне, асырауындағы адамдар саны мен сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты қалыптасады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.