ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне қарасты қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы WhatsApp мессенджерінде таралып жатқан жаңа киберқауіп туралы ескертті, деп хабарлады QazMonitor-ға ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Алаяқтар мессенджердің «қосымша құрылғыларды байланыстыру» функциясын пайдаланып, аккаунтқа заңды жолмен қол жеткізеді. Алдымен пайдаланушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жасырынған хабарлама жіберіліп,ол визуалды түрде танымал сервистердің интерфейсін қайталайтын жалған парақшаларға бағыттайды.
Контентке қол жеткізуді растау сылтауымен фейк-парақша телефон нөмірі мен растау кодын енгізуді сұрайды. Осы мәліметтер енгізілген соң, алаяқ жәбірленушінің WhatsApp аккаунтына сенімді құрылғы ретінде қосылып, хат алмасуларды оқу, медиафайлдарды көру, байланыстар тізіміне қол жеткізу және хабарлама жіберу мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте пайдаланушының телефоны қалыпты режимде жұмыс істеп, күдік тудырмауы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, аккаунттың бұзылғанын анықтаудың жалғыз жолы – WhatsApp-тағы «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін қолмен тексеру. Белгісіз құрылғының қосылғаны анықталса, оны дереу өшіру қажет.
Осыған байланысты полиция азаматтарды киберқауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Белгісіз хабарламалар мен қоңырауларға сақтықпен қарауға, WhatsApp растау кодын бөгде сайттар мен парақшаларға енгізбеуге, екі факторлы аутентификацияны қосып, аккаунт белсенділігін тұрақты түрде бақылап отыруға кеңес береді.