Кеңес барысында шағын және орта бизнесті дамыту, туризм, әлеуметтік қолдау және білім беру мәселелері қаралды, деп хабарлады QazMonitor-ға Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматыда шамамен 405 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр, бұл еліміздегі барлық шағын және орта бизнестің 18 пайызын құрайды. Шағын және орта бизнестің шаһар экономикасына қосатын үлесі 60 пайызға жетсе, осы салада еңбекке жарамды тұрғындардың 90 пайызына жуығы жұмыспен қамтылған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестен 1,2 трлн теңге салық түсімі түскен.
Туризм саласында Алматыда негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім байқалып отыр. 2025 жылдың тоғыз айында туристер саны 8 пайызға артып, 1,9 млн адамға жетсе, көрсетілген туристік қызмет көлемі 17,3 пайызға өсіп, 82,4 млрд теңге болды. 2026 жылы туристік инфрақұрылымды одан әрі дамыту жоспарлануда, оның ішінде 350 шақырым тау соқпағын көркейту жоспарда бар.
Сонымен қатар Нью-Йорк, Мәскеу және Париж қалаларының тәжірибесі негізінде «24/7 қала» моделін енгізуге ерекше көңіл бөлінді. Түнгі уақыттағы қауіпсіздікті арттыру, қаланың жарықтандырылуы, мәдени және туристік нысандардың жұмысы талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша салалық басқармалар мен аудан әкімдіктеріне басым бағыттарды іске асыруда үйлесімді жұмыс жүргізу, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қатаң бақылау және қабылданатын барлық шешімді алматылықтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағыттау тапсырылды.