Қазақстанда 2026 жылға дейін ауыз сумен қамтуға бағытталған бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Министрдің айтуынша, биыл 12 жоба аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде халқы шамамен 540 мың адамды құрайтын 142 ауылдық елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, Шардара топтық су құбырының құрылысы 2026 жылдың шілдесінде аяқталады. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін Шардара қаласы жер асты су көздеріне толық көшеді.
«Шардара су қоймасындағы су көлемінің азаюы тұрғындарды сумен қамтуға әсер етпейтін болады», деді Нұржігітов.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстарында 5 ірі топтық су құбыры бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құжаттарды дайындау және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.
Ең ауқымды жобалардың бірі Түркістан облысындағы Өгем өзенінде гидроэлектростанциялар каскады бар су құбырын салу болып отыр. Жобаның құны 191,7 млрд теңгені құрайды.
«Бұл жоба жыл сайын 110 млн текше метр су беріп, 72 МВт электр энергиясын өндіреді. Нәтижесінде облыстың 5 ауданындағы (Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай және Мақтаарал) 1 миллионнан астам тұрғыны таза сумен қамтылады», деп қосты ведомство басшысы.
Бұдан бөлек, Атырау және Маңғыстау облыстарында Көкжиде, Ащыақ және Солтүстік Ащыақ жер асты су көздерінен магистральдық су құбырын тарту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл жоба 1,5 млн адамды сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Министрдің дерегінше, бүгінде Қазақстанда 4000-нан астам жер асты су көздері барланған. Олардың бекітілген қоры жылына 15,7 млрд текше метрді құрайды. Алайда қазіргі таңда бұл ресурстың тек 7-10%-ы ғана пайдаланылып отыр. Осыған байланысты жер асты суларын тиімді және кешенді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеу басталған.