2025 жылы Қазақстанда банк секторының активтері 11%-ға өсіп, 68,3 трлн теңгеге жетті, ал капиталдың жеткіліктілігі 20,7%-ды құрады, деп хабарлайды QazMonitor.
«2025 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша бизнеске берілген кредиттер 17,9%-ға артты, жалпы көлемі 14,8 трлн теңгені құрады. Кәсіпкерлер бір жыл ішінде 17,5 трлн теңгеге жаңа несие рәсімдеді, ал банктер 2,3 трлн теңге сомасына 8 синдикатталған жобаны бірлесіп қаржыландырды, – деді Мемлекет басшысына есеп берген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Даму» қоры жанынан Кепілдік қоры құрылып, бүгінге дейін 505 млрд теңге көлемінде несие кепілдіктері берілді. Алайда тұтынушылық кредит беру көлемі 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге төмендеді.
Халықтың шамадан тыс қарыз алуын азайту үшін тәуекелі жоғары және ұзақ мерзімді несиелерге шектеулер енгізілді. Нәтижесінде банктер мен микроқаржы ұйымдары 703 мың азаматтың қарызын реттеп, ішінара кешірді. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң аясында 56 мың адамның 209,7 млрд теңге берешегі кешірілген.
Сонымен қатар, қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде «шешім қабылдау кезеңі» енгізіліп, кредитті есептен шығару негіздері кеңейтілді. 2025 жылы агенттік қаржы нарығының әртүрлі сегментінде 641,3 млн теңге көлемінде айыппұл салды, ал 58 микроқаржыландыру және коллекторлық ұйым лицензиясынан айырылды.
Президент қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету, нақты секторды несиелеуді ұлғайту және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.