Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Алматы облысында шұбаттан «қазақ балмұздағы» өндіріле бастады

Алматы облысында шұбаттан «қазақ балмұздағы» өндіріле бастады

Сарыбұлақ ауылында түйе сүтінен дайындалатын табиғи балмұздақ ұлттық тағамды заманауи форматта ұсынатын жаңа гастрономиялық өнімге айналуда

QazMonitor Logo
Алматы облысының әкімдігі
Алматы облысының әкімдігі

Алматы облысында ұлттық тағам мәдениетін жаңаша танытатын ерекше гастрономиялық өнім – түйе сүтінен, нақтырақ айтқанда шұбаттан жасалған балмұздақ өндіріле бастады. Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында дайындалатын бұл десерт бүгінде жұртшылық арасында «қазақ балмұздағы» деген атауға ие болып үлгерді, деп хабарлады QazMonitor-ға Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Өнімді 38 жастағы кәсіпкер Азангүл Албосын шығарады. Табиғи құрамы, 20-дан астам дәм түрі және ұлттық дәстүрге негізделген тұжырымдамасымен ерекшеленетін балмұздақ «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жобаның басты мақсаты – ұлттық асхананың заманауи форматта дамуға қабілетті екенін көрсету.

Азангүл Албосын мамандығы бойынша заңгер. Бұған дейін Қытайда сот болып жұмыс істеген ол тарихи Отанына оралуды көптен армандаған. Қазақстанға көшіп келгеннен кейін жолдасы Жарқын Жұмағазымен бірге ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алды. Алғашында ешкі мен жылқы өсіріп, кейін түйе шаруашылығына бет бұрған. Алғашқы түйелерді жеке мүліктерін сатып, сол қаржыға алған.

Кәсіпкер шұбат дайындау технологиясын өз бетінше меңгеріп, бастапқыда өнімді базарларда сатқан. Уақыт өте келе сұраныс артып, тұтынушылар өздері іздеп келетін деңгейге жеткен. Қазіргі таңда шаруашылықта 80-ге жуық түйе бар, ал өнімдер тек аудан тұрғындарына ғана емес, өзге өңірлерге де жөнелтіледі.

Үш жыл бұрын ерлі-зайыптылар бизнес-жоспар әзірлеп, оны Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке ұсынған. Жоба қолдау тауып, Қаражотын ауылдық округінен жер телімі берілген.

Былтыр арнайы оқудан өтіп, қажетті құрал-жабдық алғаннан кейін Азангүл «Қазақ қызы» брендімен шұбаттан балмұздақ өндіруді бастаған. Балмұздақ баяу қайнатылған қою сүт негізінде дайындалады, оған табиғи тосаптар қосылады. Қазіргі таңда шоколад, құрма, карамель, жидек, қауын секілді шамамен 20 түрлі дәм бар. Өнімде консервант жоқ, қант мөлшері аз, ал тағамдық құндылығы жоғары.

Алғашында балмұздақ Шелек ауылындағы шағын дүкенде сатылса, бүгінде Алматы қаласындағы дәмханалар мен мейрамханаларға тапсырыспен жеткізіледі. Қаптамасының дизайнын да кәсіпкердің өзі әзірлеген.

Азангүл Албосын «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, көрме қонақтарының жоғары бағасына ие болған. Алдағы жоспары – түйе санын көбейту, бөтелкеге құйылған шұбат өндіретін цех ашу және балмұздақ өндірісін кеңейту.

Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын 18 мың тоннадан астам түйе сүті өндіріледі. Ал шұбаттан жасалған «қазақ балмұздағы» – ұлттық мұраны сақтай отырып, оны жаңа форматта дамытудың жарқын үлгілерінің бірі.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.