Наурыз мейрамы мен көктемгі туристік маусым аясында ұйымдастырылған Jibek Joly туристік пойызы кезекті халықаралық сапарын аяқтады, деп хабарлайды QazMonitor.
Туристік маршрут үш елдің аумағын қамтып, Алматы, Шымкент, Отырар, Түркістан, Душанбе, Самарқанд және Ташкент қалалары арқылы өтіп, қайтадан Алматыда аяқталды.
Жоба Қазақстан Темір Жолы компаниясымен бірлесіп, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан туризм индустриясы қауымдастығы қолдауымен жүзеге асырылды.
Бағдарлама аясында қатысушылар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарын, көне Отырар қалашығын, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, тарихи Самарқанд пен Ташкенттің мәдени-архитектуралық орындарын, сондай-ақ Душанбе қаласының туристік нысандарын аралады.
Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан Ұлы Жібек жолы бойындағы бірлескен туристік маршруттарды дамыту және көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру бағытында жұмысты жалғастырып келеді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы аясында екі ел арасындағы туризм мен көлік байланысын дамыту бойынша жүйелі шаралар жүргізілуде. Туризм және спорт министрлігі Орталық Азия бойынша Ұлы Жібек жолының бірыңғай туристік бағытының жаңа тұжырымдамасын әзірледі.
Жаңа маршрутқа Алматы, Шымкент, Түркістан, Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалалары енгізілген.
Қазіргі уақытта Самарқанд бағыты бойынша алғашқы бірлескен тур іске қосылып, туристік компаниялармен жаңа бағыттарды әзірлеу жалғасуда. Биыл Қазақстан мен Өзбекстанның туристік әлеуетін бірлесіп ілгерілету мәселелері де қарастырылмақ.