Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының балет труппасы Сингапурде гастрольдік сапармен өнер көрсетті. Қазақстандық әртістер Сингапурдағы NUS университетінің Мәдени орталығының сахнасында көрерменге классикалық және заманауи балет жауһарларын ұсынды, деп хабарлайды QazMonitor.
Концерттік бағдарлама екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде П. И. Чайковскийдің «Аққу көлі», Л. Минкустың «Дон Кихот» және Х. Лёвенсхольдтың «Сильфида» балеттерінен үзінділер орындалды.
Екінші бөлімде көрермен назарына атақты «Кармен-сюита» ұсынылды. Жорж Бизе мен Родион Щедрин музыкасына жазылған бұл қойылым драматизмі мен эмоциялық тереңдігі арқылы сингапурлық көрерменнің ерекше ықыласына ие болды.
Спектакльден кейін шетелдік көрермендер әртістердің орындаушылық деңгейін жоғары бағалап, таза техникасын, музыкалық материалды жеткізу шеберлігін атап өтті.