Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Абай» операсының жаңартылған нұсқасының премьерасы өтті. Сексен жылдан астам уақыт бойы бұл шығарма ұлттық опера өнерінің жауһары саналып, театр репертуарының айрықша белгісіне айналған, деп хабарлайды QazMonitor.
Жаңа қойылымда көркемдік және сахналық шешімдер жаңартылғанымен, классикалық түпнұсқаның идеялық өзегі сақталған. Спектакль дәстүр мен заманауи көркем ойды ұштастыра отырып, ұрпақтар сабақтастығы тақырыбын алдыңғы қатарға шығарады. Қойылымда Абайдың ішкі жан дүниесі, адамгершілік таңдауы мен өз дәуірімен рухани қайшылығы тереңірек ашылған.
Сценография мен визуалдық шешімдерде елеулі өзгерістер бар. Қойылым суретшісі Есенгелді Тұяқов сахналық кеңістікті қазақ даласының жинақталған бейнесі ретінде қалыптастырса, костюм суретшісі Рауан Қайруллаева тарихи формалар мен ұлттық нақыштарды заманауи көркемдік тілмен қайта пайымдаған.
Музыкалық партитура түпнұсқа күйінде сақталған. Бас дирижер Нұржан Байбосыновтың басқаруымен оркестр, хор және солистер партитураның кең ауқымын айқындай отырып, біртұтас әрі үйлесімді музыкалық туынды ұсынды. Қойылым режиссері Фархат Молдағали жаңа нұсқада ұрпақтар сабақтастығы идеясына ерекше мән берілгенін атап өтті.
Еске салсақ, «Абай» – ұлттық композиторлар жазған алғашқы қазақ операсы және кәсіби опера өнерінің барлық талаптарына сай дүниеге келген тұңғыш шығарма. Операда ариялар, речитативтер мен ансамбльдер кеңінен қолданылған. Музыкалық материалдың негізін Абай әндерімен қатар халық әндері мен күйлері, сондай-ақ Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің туындылары құрайды. Либретто Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының желісімен жазылып, жазушының өзі енгізген жекелеген эпизодтармен толықтырылған.