Францияда фантастикалық фильмдерге арналған Жерармер халықаралық кинофестивалінде қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Кадет» фильмі екі бірдей жүлдеге ие болды, деп хабарлайды QazMonitor.
Кинокартина сыншылар сыйлығын және қазылар алқасының жүлдесін жеңіп алды. Қазылар алқасының жүлдесі Жаңа Зеландия режиссері Каллум Дэвлиннің The Weed Eaters фильмімен бөлісілді.
Жерармер халықаралық кинофестивалі жыл сайын өтеді және Еуропадағы фантастика, триллер мен хоррор жанрларына маманданған беделді кино алаңдарының бірі саналады. Фестиваль жас режиссерлер мен авторлық киноны қолдауға бағытталған.
Фильмнің сюжеті жалғызбасты ана Алинаның ұлын беделді әскери мектепке орналастыруынан басталады. Алайда қатарластарының маза беруі мен ересектер тарапынан жасалған қысым баланың болмысына кері әсер етеді.
«Кадет» фильмінің әлемдік премьерасы 2024 жылы Токиода өткен халықаралық кинофестиваль аясында өткен болатын.