Қатарда Қазақстанның мәдениет күндері өтіп жатыр. Доха тұрғындары мен қонақтары Дарб Аль-Саги мәдени-тарихи орталығында ұлттық нақыштағы дизайнерлік бұйымдарды, көрмелер, дәстүрлі спорт түрлерін, құсбегілік өнер мен қазақтың тазы иттерін тамашалап, ел мәдениетімен жақын танысты, деп хабарлайды QazMonitor.
Мәдени күндер аясында «Mezzo» вокалдық тобының концерті өтті. Ұжым әлемдік классика мен ұлттық әуендерді ұштастырып, заманауи көзқараспен орындайды. Бұл кештен көрермен ерекше әсер алып, отандық орындаушылардың кәсіби шеберлігіне тәнті болды.
Еске салсақ, 4-7 ақпан аралығында Дохада Қазақстан Республикасының мәдениет күндері өтеді. Аталған мәдени іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар Мемлекетіне жасаған мемлекеттік сапары барысындағы Мемлекет басшыларының уағдаластықтары аясында өткізіледі.